Қала басшысы гидрогеологиялық зерттеулер жүргізуге және өзен арнасының негізін нығайтуға нұсқау берді
Түрксіб ауданының тұрғындары Алматы әкіміне инженерлік коммуникацияға қатысты ұзақ жылға созылған мәселені шешкені үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары кезінде Медеу және Түрксіб аудандарының тұрғындарымен кездесіп, Шуақты шағынауданында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша іске асырылған жобалармен танысты.
Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров қала басшысына Шуақты шағынауданында инженерлік инфрақұрылымқа қатысты ұзақ жылғы мәселені шешу туралы баяндады.
Шағынауданда электрмен жабдықтау желілерін салу бойынша жобаны жүзеге асыру аяқталды. Бір жылға жетер-жетпес уақытта жүргізілген 5,5 км желіні жаңғырту электр қуатының шығынын азайтуға, пайдалану шығындарын қысқартуға және 1500-ден астам тұрғынды сапалы электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Осы шағынауданда ұзындығы 17,4 км сумен қамту және су бұру желілерін салу жобасы жүзеге асырылды, оның ішінде 10 км – су құбыры, 7,4 км – кәріз желісі. Жоба аясында Айша Бибі, Ақтасты, Береке, Волочаевская, Дуадақ, Мәйекті Саялы, Теректі, Ырғайты сынды 9 көше қамтылды. Жұмыс жүргізген «Мелиоратор» мердігерлік ұйымы 2023 жылдың маусым айында жолдың ені бойынша асфальт төсемді толық қалпына келтіре отырып, желілердің құрылысын аяқтады.
Бұл шағынаудан тұрғындарына орталық сумен қамту және су бұру желілеріне қол жеткізуді қамтамасыз етті, бұл үшін қала тұрғындары қала басшысына алғыс білдірді.
Сонымен қатар, Волочаевская көшесінің кәріз ағыны үшін қажетті еңіс жоқ шағын учаскесінде кәріз-сорғы құрылысын салу жобасы әзірленуде. Әлеуметтік жауапкершілік аясында жобалаушы жұмысты тегін жүргізеді. Мемлекеттік сараптама шамамен 2024 жылғы маусым айында шығады.
Сондай-ақ, Ерболат Досаев Шуақты шағынауданындағы көшкіндердің алдын алу жоспарымен танысты. Қала басшысы бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, оның ішінде қажет болған жағдайда еңістің шетіндегі үйлерді сатып алуды тапсырды. Әрі мегаполис әкімі шағын ауданда нөсер кәрізін салу қажеттігін атап өтті.
Қала басшысы гидрогеологиялық зерттеулер жүргізуге және өзен арнасының негізін нығайтуға нұсқау берді.
Оқи отырыңыз: Әуезов ауданының кәсіпкерлері «Жақыныңа жәрдем бер» акциясы аясында әлеуметтік осал азаматтарды қолдады