Шаһар басшысының келесі кездесуі Жетісу ауданында өтеді
Алмалы ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын қаржыландыру ұлғаяды. Бүгін аудан азаматтарымен кездескен Ерболат Досаев Алмалыға қосымша 875 млн теңгенің бөлінгенін жеткізді. Қоғамдық кеңістікті абаттандыру мен жол инфрақұрылымын дамытуды мақсат еткен бағдарлама аясында биыл тағы 35 жоба жүзеге аспақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Розыбакиев көшесінің бойында орналасқан базар санитарлық талаптарды сақтамайды». Осылай деп шаһар басшысына шағым айтқан тұрғындар бұл аумаққа иелік ету уақытының да өтіп кеткенін жеткізді. Олардың айтуынша, сатушылар қоғамдық тәртіпті сақтамайды. Тауар бағасы арзан болғандықта, келуші саны да көп. Тұрғындардың айтуынша, сатушылар жалға алу құнын төлемейді.
– Үйге шыбын-шіркей кіреді. Орнатып қойған биотуалеттің иісі сұмдық. Терезені ашудан қалдық. Ет, шұжық өнімдері сатылып жатқан жерде қоқыс үйіліп тұрады. Сатушылардың тауарды сақтайтын мұздатқышы да жоқ. Біз айта-айта шаршадық. Адам сияқты, таза, тыныш жерде өмір сүргіміз келеді, – дейді қала тұрғыны Наталья Шамсутдинова.
Қала әкіміне де, тиісті орындарға да аталған мәселе жақсы таныс. Ерболат Досаев бұған дейін сол базарға өзі жеке барып, жағдайға куә болып қайтқанын айтты. Ал шешім әділ әрі екіжақты тиімді болуы үшін іс қазір қаралып жатқан көрінеді.
– Тәркілеу туралы қаулыға қол қойғанмын. Сол маңдағы дүкеннің иесімен ортақ келісімге келдік. Ол өз қаражаты есебінен аумақты ретке келтіретінін айтқан. Біз үшін қазір ең бастысы – жерді қайтарып алу. Бұл іске қатысты сот шешімін күтіп отырмыз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Тұрғындар бұл аумақтың абаттандырылып, серуендеуге жағдай жасалғанын қалайды. Ал азық-түлік алу үшін жақын маңдағы көтерме сауда орталығына барады. Аудандағы инфрақұрылым, көлік тұрағы мен көріктендіру жайын қозғаған азаматтар 2 сағатқа жуық уақыт ішінде көкейдегі сұрақты қойып үлгерді.
– Бізде ПИК ақша жинады. Бірақ жеке есепшотымыз болған емес. Енді 27 млн теңге қарыз болып отырмыз. Жатақхана жекешеленген. Қазір сол қарыз ақшаны «АлматыЭнергоСбыт» компаниясы тұрғындарға бөліп тастады. Бір айдан кейін жарықты өшіреміз деп отыр, – дейді қала тұрғыны Бибігүл Қалдыбаева.
– Бұл мәселеге қатысты, тұрғындар, арыз жазыңыздар. Шын мәнінде ПИК қарыз болса, тексерейік, – деді қала әкімі.
Алмалы ауданының азаматтарымен қала әкімінің кездесуі биыл осымен екінші рет өтіп отыр. 200-ге жуық адам келген жиында тұрғындар өз сауалдарын жазбаша жолдауға да мүмкіндік алды. Айта кетейік, шаһар басшысының келесі кездесуі Жетісу ауданында өтеді.
Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы