Алматыда КВИ-мен күрескен медицина қызметкерлерінің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

Алматыда КВИ-мен күрескен медицина қызметкерлерінің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды
Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің алдында өткен шараға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құрмет пен сенім, мейірімділік пен ізгілік күні медицина қызметкерлерінің құрметіне ескерткіш тақтаның іргетасы қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мамандыққа деген адалдықпен қанын да, жанын да аямай, Гиппократқа ант берген абзал жандардың еңбегі еленіп, ұлықталды бүгін. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің алдында өткен шараға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Салтанатты рәсімнен кейін барлық жиналған қауым сол маңға ағаш отырғызды.

Дүйім жұрттың дегбірін қашырған дертке қарсы күресте жанқиярлық еңбектерімен алдыңғы шептен көрінген ақ халатты абзал жандардың құрметіне орнатылған ескерткіш тақтаны шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев ашып берді. Дәрігерлер еңбегінің қашанда жоғары бағаланатынын сөзіне арқау етіп, сонда жиналған барша медицина қызметкерлеріне алғыс айту күні риясыз алғысын білдірді. Игі шараға қатысқандардың барлығы еліміз үшін қысылтаяң шақта дәрігерлердің өз парыздарын адалдықпен аяғына дейін орындап шыққанын ерекше атап өтті.

«Дәрігерлердің еңбегі сонау дүниежүзілік соғыс кезіндегі жауып тұрған оқтың астындағы жауынгерлердің еңбектерімен пара-пар деп айтуға болады деп ойлаймын. Олар өздерінің өміріне төнген қауіпке қарамастан жұртты ажалдан арашалап қалуға ұмтылды. Бүгінгі Алғыс айту күнінде ескерткіш тақта қойылып жатқан сол абзал жандарға біздің де айтатұғын алғысымыз шексіз», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Тек қана коронавирустық инфекция емес, қабаттасқан ауыр патологиялары бар науқастардың да сауығуына №7 қалалық ауруханасының дәрігерлері өлшеусіз үлес қосты. Бұл күні барша медицина қызметкерлерінің елеулі еңбегі еленді.

«Біздің ауруханада до осы пандемиямен күресте өз үлесін қосты. Менің әріптестерім өз өміріне төніп тұрған қатерге қарамастан, жанқиярлық қызмет етті. Сөйтіп бүгінде 1400-ден аса адамды емдеп шығардық», – деді №7 қалалық клиникалық ауруханасының емдеу ісі бойынша бас дәрігердің орынбасары Жадыра Шерияздан.

Салтанатты рәсімнен кейін шараға қатысқандардың барлығы қарағай ағашын отырғызуға қатысты. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің алдына 20 түп көшет егілді.

Сая Меңдеке, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров