Дәстүрді дәріптейтін кештің шымылдығы Құрманғазы оркестінің күйімен түрілді
Алатаудың баурайындағы ару қала мерекесі «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында аталып өтті. Ашық аспан астында алматылық ағайынға «Асыл мұра» дәстүрлі музыкалық кеші шымылдығын ашты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәстүрді дәріптейтін кештің шымылдығы Құрманғазы оркестінің күйімен түрілді. Алып шаһар Алматы мерекесіне дайындалған сахнаны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында жиналған көпшілікке Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Нұржан Жанпейісов сынды өнер майталмандары ән мен жырдан шашу шашты.
– Алматының туған күніне «Асыл мұра» атты концерт өтіп жатыр. Құрманғазы атындағы оркестрдің сүйемелдеуімен және төл өнерімізді насихаттап жүрген әншілер қатысатын концерт халыққа керемет әсер сыйлайтыны анық, – деді дәстүрлі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова.
Әуезді әннен, дүбірлі домбырадан шабыт алған халықтың дәстүрлі өнерді сағанып қалғаны байқалып-ақ тұр. Кешке арнайы келген 77 жастағы кейуана алған әсерін жасырмады.
– Рамазан Стамғазиевтің «Қарасазын» жақсы көремін. Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова сынды әншілерді «Алматы» телеарнасынан тыңдап отырамын, – деді қала тұрғыны Рысхан Бастаубаева.
– Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын. Алатаудың етегінде, әсем Алматы мерейлі тойын өткізіп жатыр. Жан-жақтан қонақтар келді. «Асыл мұра» – бірнеше ғасырдан келе жатқан баба мұрасы. Алатаудың етегінде екі-үш күнге созылған мерекеде керемет күй тартылып, ән шырқалып жатыр, – деді дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев.
– Құрманғазы оркестрі классикалық күйлерді орындады. Дәстүрлі әндерді көптен бері тыңдай алмай жүр едім. Құлақ құрышын қандырып жатыр. Кешті ұйымдастырған қала әкімдігіне рахмет! – деді қала тұрғыны Роза Жұмаділова
Қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік концерттен бөлек, ұлттық нақыштағы киім-кешек, бағалы бұйымдар, әсем әшекейлер көрмесі ұсынылды. Саудасы қызып, салтанаты тарқамаған тұрғындардың ұйымдастырушыларға алғысы зор.
Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» теларнасы