Қырық жыл қолжазба мен өлеңдерді сақтап келдім - соғыс ардагері

09.05.2024 23:07

Алматы қаласының әкімдігі соғыс ардагерлеріне Мемлекет басшысы мен қала әкімінің атынан құрмет көрсетті

Almaty.tv

Ардагерлерді ардақтау – ұрпаққа аманат. Алматы қаласының әкімдігі қан майданды өткерген соғыс ардагерлеріне барып, Мемлекет басшысы мен қала әкімінің атынан құрмет көрсетті. Арнайы сыйлық табыстап, халықтың алғысын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Уақыт өткен сайын сұрапыл соғысты бастан өткерген ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Ғасыр жасаған санаулы майдангердің бірі – Василий Зинченко. Ұлы Отан соғысы басталғанда жауынгер небәрі 17 жаста еді. Барлаушы болған ардагер «еңбектің еленіп-ескерілгені, өскелең ұрпақтың ұмытпағаны қуантады» дейді.

– Бізге көрсетіліп жатқан құрмет үшін алғыс айтамын! Қамқорлық танытып жатырсыздар. Еліміз аманғ бейбітшілік болсын! – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Зинченко.

Сұрапыл соғыстың тағы бір майдангері Василий Долбня 1927  жылы туған. Ол Қиыр Шығыс пен Приморск өлкесінде қызмет етті. Ардагердің ерлігі еленіп, Отан соғысы орденімен, «Соғыс ардагері» белгісімен және басқа да наградалармен марапатталған. Қазір отбасымен шаһардың Медеу ауданында тұрады.

– Мен соғысқа аттанғанда 18 жаста едім. Жастарды Қиыр Шығысқа жіберді. Өскелең ұрпақ бейбітшіліктің бағасын білсін, соғыстың бетін көрмесін деп тілеймін! – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Долбня.

Ал Леонид Подколзин қан майданға 17 жасында аттанған. Ол Жеңіс күнін Германияда атап өткен. ол жылдардағы ауыртпалықты қағаз бетіне түсіріп отырған. Қария құнды қолжазбаларын жинақтап, кітап шығарған. Майдангер соғыс аяқталған соң 1951 жылы елге оралып, зейнетке дейін инженер-механик ретінде жұмысын жалғастырды.

– Бұл – Отанын сүйіп, ол үшін жанын беруге дайын болғандар туралы кітап. Қырық жыл бойы қолжазба мен өлеңдерді сақтап келдім. Сол бір қанды майдан жылдарын естен шығарған емеспін, – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Леонид Полколзин.

– Бүгінгі таңда әр ардагердің жағдайын біліп, денсаулығын, қандай да мұқтаждығы бар анықтап, қамқорлық көрсетіп жатырмыз, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.

Айта кетейік, Алматыда соғыс ардагерлеріне берілетін біржолғы төлем екі еселенді. Биыл майдангерлер 2 миллион теңге көлемінде көмек алды.

Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Досаев Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады