Наурызбай ауданында аз қамтылған отбасылардың үйлеріне газ датчиктері орнатылды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалған жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құтқарушылардың айтуынша, көбіне осындай үйлерде өрт қауіпсіздігінің талаптары жиі сақталмайды екен. Құрылғы ауа құрамындағы улы газдардың концентрациясы көбейіп кетсе, бірден дабыл қағып, үй иелеріне белгі береді.
«Улы газ датчиктерін орнату себебіміз адамның өмірін сақтап қалу. Мысалы, көп адамдардың пешінде ақау сызықтары болады. Ол пеш ақау сызықтарынан улы газ шыққан кезде, адам түнде ұйықтап жатқан кезде, сезбей қалуы мүмкін. Көп жағдайларда осылай болады өзі де. Сондай кезде бұл датчиктар сигнализация ретінде айғайлайды», – деді Наурызбай ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Әлішер Дубеков.
Күздің алғашқы күндері төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері күн көрісі төмен 18 отбасының үйлеріне датчик орнатты. Ал, өткен жылдан бері 90 жанұя осындай құрылғымен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, өрт сөндірушілер электр құралдарын және пешті пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін де тыңғылықты түсіндіріп өтті.
«Мен екінші топтағы мүгедекпін, жалғызбасты анамын. Мына үй әжемнен қалған. Наурызбай ауданының әкімдігі мен төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлеріне үлкен алғысымды айтқым келеді. Тұрғын үйлердегі қауіпті жағдайдың алдын алу үшін қолдарынан келгенін істеп жатыр», – деді қала тұрғыны Әсел Каньязова.