Су құбыры жиі жарылады: Akimat live эфирінде әкімнен көмек сұраған тұрғындар мәселесі шешілді ме

Су құбыры жиі жарылады: Akimat live эфирінде әкімнен көмек сұраған тұрғындар мәселесі шешілді ме
Кешегі эфирде Наурызбай ауданының тұрғыны хабарласып, түйіні тарқатылмай жатқан проблеманы айтқан еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халық пен билік арасындағы ашық әңгіме. Қордаланған мәселелер тікелей эфирде әкімнің өзіне жолданады. Арнамыздағы Akimat live бағдарламасы азаматтар мен басқарушы орган арасындағы көпірге айналды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев осымен алтыншы рет тұрғындар сауалына тікелей эфирде жауап беріп жатыр. Әр шығарылым сайын мәселелер айтылып, оң шешімін тауып жатқанын көруге болады. Кешегі эфирде Наурызбай ауданының тұрғыны хабарласып, түйіні тарқатылмай жатқан проблеманы айтқан еді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі  Өмір Әнуарбек тарқатсын.

Бір сағатқа созылған Akimat live бағдарламасының соңғы сұрағы бұл. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев судың неліктен атқылай беретінін жауаптыларға дереу шешуді тапсырды. Тұрғын айтқан мекенжайға жедел жетіп маңайдағы азаматтармен тілдестік. Айтуларынша, мына жердегі су құбыры жиі жарылады. Бүгін ғана істен шыққан су желісін «Алматы су» мекемесінің қызметкерлері келіп жөндеп кеткен. Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес.  

Герольд Бельгер көшесі қыста мұздан, күз-көктемде балшықтан арылмайды екен. Өйткені жол жиегіне су құбыры жүргізілген. Ал ол Құлболды көшесіндегі алты үйге тиесілі. Олар өз көшелерінен емес дәл осы жерден суды тарту жөн көрген.

«Жаздай жарылды. Звондап шақырып жатамыз. Істетеміз. Кейде ұзаққа созылып кетеді. Кейде тез келіп Алматы су жасап кетеді. Рахмет оларға. Келіп істейді. Міне, қазір көріп жатырсыз. Анау да жарылып жатыр. тек қысы-жазы осындай. Мұз қатады. Мына жерде мұз қатқанда жарты метрге дейін көтеріледі ғой», – деді қала тұрғыны Шакира Әлімбетова.

Қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы маманының сөзінше, мұндағы су құбырларының тозығы жеткен. Сондықтан олар жиі істен шығатын көрінеді. Алдағы уақытта желілер толығымен жаңартылмақ.

«Біз тұрған Тау самалы ықшамауданында. Құжаттамалар дайын. Қазіргі таңда қаражат бөліну мәселесі қарастырылып жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша 2021 жылы басталып 2021-2022 жылдары бұл жерлер бітуге жоспарланып отыр», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бөлім басшысы Рауан Кәрменов.

Наурызбай ауданындағы 7 ықшам ауданда су желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, аталған ауданды толықтай сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз ету мақсатында қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес су таратушы станса салынуда. Жоспар бойынша құрылыс 2021-2020  жылдары аяқталуға тиіс.

Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров