Тұрғын үйлерден шыққан қоқысты жинау үшін күнделікті 250-ге жуық техника жұмыс істейді
Алматыдан күніне 1200 тонна қоқыс шығарылады. Бұл туралы шаһар тазалығына жауапты басқарманың өкілдері айтты. Сондай-ақ көктем келісімен коммуналдық мекемелер қаланың көркін келтіруге кірісіп кетті. Көктемгі тазалау жұмыстары қалай жүргізілуде? Жиналған қоқыс қайда кетеді? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай зерттеп көрді.
Жалпы мегаполис бойынша тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен 28 мердігер компания айналысады. Тұрғын үйлерден шыққан қоқысты жинау үшін күнделікті 250-ге жуық техника жұмыс істейді. Шамамен мың жұмысшы бар. Айта кететіні, бір ғана «Тәртіп» компаниясының көліктері бір күнде 300 рейс жасайды екен.
«Мердігер мекемелермен қазіргі таңда қарқынды жұмыс атқарылды. Себебі қазір күн жылынғаннан қоқыстың саны ұлғаюда. Қардың астынан шығып жатқан қоқыстар бар. Сол жұмыстар қазіргі таңда біздің басқарма тарапынан табиғи мекемелерге тапсырма беріліп жатыр», – деді қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Елдос Жалғабаев.
Жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы қоқыс сұрыптау орталығына жеткізіледі. Онда пластик, полиэтилен, бөтелке сынды шикізаттар жеке жиналып, кәдеге жарау үшін қайта өңделеді. Ал инертті қауіпсіз және биоірігіш материалдар қала сыртындағы полигонда көміледі.
«Қоқысты жиналғаннан кейін Алатау ауданында орналасқан қоқыс сұрыптау кешені бар. Сол кешенге қоқыстар сұрыптауға жиналады. Сол жақта сұрыпталғаннан кейін шикізаттар алынып, шикіз аттар өңдеуге жөнелтіледі», – деді қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Елдос Жалғабаев.
Ал, эколог мамандар кейбір тұрғындардың тазалық сақтау мәдениеті төмен екенін айтады. Мұны табиғат жанашырлары тұрақты өткізіліп тұратын рейд барысында байқаған. Әсіресе, көпшіліктің көмірмен монша жағуы, қоқысты тыйым салынған жерге тастау фактілері жиі кездеседі.
«Алматы қаласының экологиясын жақсарту үшін әрбір азамат, әрбір тұрғын осы қалаға жаны ашып, экологиялық ахуалымызды жақсарту үшін өз өмірінде, күнделікті тіршілігінде қарапайым экологиялық талаптарды сақтау керек», – деді қалалық экология департаментінің басшысы Дінмұхаммед Лесбеков.
Одан өзге, қалада қоқысты жәшікке сұрыптап тастау мәселесі де өзекті. Мамандар құрылыс материалдарын, азық-түлікті тұрмыстық қатты қалдықпен бірге тастауға болмайтынын ескертеді. Яғни, қала тазалығы қарапайым ғана сіздің қоқысты дұрыс тастауыңыздан басталады.
Сымбат Ноғай, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» арнасы