Алматының Жетісу ауданы да мерекені тойлаудан қалыс қалмады. Кемел шағынауданының халқы маңызды мерекені жақында ғана жөндеуден өткен Мәдениет үйінде атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл күні ардагерлер ұйымының белсенділері, балалар ұжымының қатысуымен концерт өтті. Іс-шарада майдан шебінде жүрген жауынгерлерге күш-қуат берген әндер шырқалды.
– Елімізде тыныштық болсын! Бала-шаға аман болып, болашағы зор қуанышқа жете беруіне тілектеспін, – деді қала тұрғыны Венера Сатова.
Ал Алмалы ауданында патриоттық әндер байқауының финалы өтті. Есте болса, сәуір айында жастар арасында ән айтудан онлайн түрде жарыс өткен болатын. Ол кезде әншілер өнерін видеоға жазып көрсетсе, қорытынды концертте сахнада ән шырқауға мүмкіндік алды.
– Әр өнерпаз әнді жазып, онлайн форматта өткізген. Іріктеуден өткен азаматтар өнерін аудан тұрғындары мен қала қонақтарына көрсетті», – деді Алмалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Алмасбек Құрманғалиев.