Алматы – Smart city: Қала әкімдігі көрсететін қызметтің 90 пайызын онлайн режимде алуға болады

11.06.2021 02:07

Open Almaty қоғамдық қабылдауына 5 айдың ішінде 71 мыңнан астам өтінім түскен

anews.com

Алматы  Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық технологиялар орталығы. Smart city жобасы аясында ресурстар мен қызметтерді басқарудың тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала әкімдігі көрсететін қызметтің 90 пайызын бүгінгі таңда онлайн режимде алуға болады.

Алматыда цифрландырудың қарқыны басым екенін қала тұрғындарының 95 пайызының онлайн сервисті пайдаланатынынан байқауға болады. Технологиялық саланың жаңа деңгейге көтерілгенінің тағы бір айғағы – Open  Almaty қоғамдық қабылдауына 5 айдың ішінде 71 мыңнан астам өтінім түсіпті. Қала әкімдігінде, тіпті, кәсіби мамандар тартылған IT-кеңес те құрылған. Олар ақпараттық технология саласының зор серпін алуына жұмыла күш салуда.

«Біз өз саламызда театрлар, музейлер, туристік объекттерге қатысты өзіміздің пікірімізбен, тәжірибемізбен бөлісіп жатырмыз. Қандай бағытта цифрландыруды қалай енгізе аламыз деген сұрақтар шешімін таппақ. Электронды билетті тексеру сияқты көптеген қызмет түрлерін цифрландыруды ұсынып жатырмыз», – деді қалалық IT-кеңестің мүшесі Әлішер Тойғұлиев.

Карантин кезінде бұл салаға деген сұраныс тіптен дамыған. Сөйтіп, іргесі ерте қаланған қаладағы ірі IT компаниялар үлгі ретінде жастарға түрлі жол сілтепті. Ал Startup бастамаларымен-ақ көзге түсіп, тың жобаларын ұсынғандар енді бірге жұмыс істемек.

«Біздің ең басты мақсатымыз – ол Алматыда тұрып бүкіл әлеммен жұмыс істеу. Ол – IT экспортын дамыту. Мысалы, біз мамандарымызды Қазақстанда қалдырып, АҚШ-қа, Еуропаға жолын ашуға көмектесеміз», – деді Astana Hub in Almaty кеңсесінің менеджері Әйгерім Мұқаева.

12 жыл IT маманы болып жұмыс істеп келе жатқан Дәулетхан Төлендиев Сүлеймен Демирел атындағы университетінін тәмамдап, «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та білім алған. Елімізде 5-6 жылдай тәжірибесін шыңдап, онлайн платформа арқылы шетелдік компанияға жұмысқа орналасқан.

«Соңғы 4 жыл Германияның Мюнстер қаласындағы Life Rich деген компаниясында жұмыс істеймін. Айтарым, шетелден жақсы жобаларды алып, өз елімізде жаңа жұмыс орындар ашуға болады. Біз Қазақстанның білімімен шетелдік нарыққа шыға аламыз», –  деді IT маманы Дәулетхан Төлендиев.

Сонымен қатар, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполисті басқарудың басым міндеттерінің бірі қалалықтардың өмір сүру сапасын арттыру және қалалық қызметтердің жұмысын одан әрі автоматтандыру деп есептейді.

«Біздің Алматы өте үлкен аймақтағы орталық, ірі IT орталық болып табылады. Оған себеп, еліміздегі екі IT маманы болса, соның біреуі біздің қаламыздың тұрғыны. 2622 IT маманы бар», –  деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Шаһардың цифрландыру саласында қарқынды дамып келе жатқанын айта келе, шаһар басшысы I-Azamat платформасы арқылы 8 жарым мың жүктеу жасалғанын айтты. Былтыр Onay электронды жүйесі арқылы 259 мыңнан астам транзакция жасалса, денсаулық сақтау саласында 12 млн-ға жуық қызмет түрі медициналық ақпараттық жүйе арқылы көрсетілген екен.

Сая Меңдеке, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы