Сұрақ-жауап: Алмалы ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Қала әкімі Ерболат Досаев Алмалы тұрғындарымен кездесті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Күзде Сайран көлін тазарту жұмыстары басталмақ. 2023 жылы көл жағалауы абаттандырылып, балалар алаңдары салынады. Бұл туралы бүгін қала әкімі Ерболат Досаев Алмалы тұрғындарымен есептік кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, қазір жобалық сметалық құжаттамасы жасалып жатыр.

Алмалы ауданында өткен есептік кездесу дәстүрге сай әкімнің қысқаша баяндамасымен басталды. Микрофонға кезекке тұрған ел толғандырған сұрақтарынан бұрын бірқатар мәселенің шешілуіне ықпал еткен шаһар басшысына алғыс айтумен болды. Алмалы қаламыздың ең кішкентай ауданы болғандықтан мұнда халық тығыз орналасқан. Оның үстіне аудан Алматының қақ ортасын қамтиды әрі тарихы тереңде. Сондықтан мұнда ғимараттарды бір-біріне тым жақын салуға, жалпы көпқабатты үйлердің тұрғызылуына қарсы тұрғындардың болуы заңды. Осындай мәселені Нұрмақов көшесінің халқы көтерді.

«Салынып жатқан құрылыс жан-жағымыздан қысып бітті. Үйіміздің қасындағы тұрғын үйдің қабатын азайтуды сұрап едік, орындалмады. Қазір 12 қабатты үй тұрғызылды. Сосын Нұрмақов 150 мекенжайында үйімізге қарама-қарсы бос жер бар, сол жерге саябақ салып беруді айттық. Бірақ онда да көпқабатты үй бой көтерді. Енді мердігер жанымыздағы 2 учаскені сатып алмақшы екен. Оны тоқтату мүмкін емес сияқты», – деді Алмалы ауданының тұрғыны

«Мен ол жерді барып көрдім. 2 учаскеге де қала тарапынан рұқсат берілген жоқ. Олар бізді хабардар етпеді. Кім сатып алса да, Нұрмақов көшесіне ғимарат салынбайды», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Аудан халқын Сайран көлінің жағдайы алаңдатады. Жағалауды қашан абаттандырасыздар деген тұрғындар балалар мен футбол алаңын салуды сұрады. Әкім көлге ерекше көңіл бөлініп, оның жағалауын сауықтыру орнына айналдыруға барын салатынын айтты.

«Сайран көлінің Алмалы ауданына қарасты аумағында балалар мен футбол алаңы жетіспейді. Бюджетке қатысу жобасы арқылы да жасатуға тырыстық. Енді көлді абаттандыру көзделіпті. Оның қашан бітері белгісіз. Сондықтан тұрғындар тезірек көріктендірілгенін қалайды», – деді Алмалы ауданының тұрғыны

«Бұл мәселе – өзекті. Жобалық сметалық құжаттама аяқталған соң мен арнайы барамын. Алдымен көлге механикалық тазалау жүргізу керек. 2023 жылы оның маңын абаттандыру жұмыстарын бастаймыз. Екі жағынан полиция пунктін ұйымдастыруды қарастырамыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Көкейкесті түйткілдердің бірі көшелердің тарлығы. Қысқа әрі нашар жолдардан шаршадық деген Досмұхамедов көшесінің халқы тротуар салуды сұрады. Тұрғындар әсіресе балалардың қауіпсіздігі үшін қорқатынын жеткізді. Мәселе келесі жылы оң шешімін таппақ.

«Мен 5 жылдан бері Досмұхамедов көшесінде тұрамын. Көшеміз өте тар. Жол жоқ. Тротуарымыз жоқ. Айтайын дегенім 5 жыл бойы терезеден еститініміз ұрыс. Өйткені адамдар жол тар болғандықтан бір-біріне жол бермейді. Сол мәселені өз қолыңызға алып, шешіп берсеңіз», – деді Алмалы ауданының тұрғыны

«Биыл ол жерде жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы орташа жөндеу жұмыстары мен тротуарларды біз толығымен жөндеп береміз. Жоспарда бар», – деді Мобилділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов.

Екі жарым сағатқа созылған есептік кездесу осы жолы да ойдағыдай өтті. Халықтан түскен әрбір талап, тілек қағазға түсті. Назарға ілікті. Жауапты мамандар енді сол бойынша тиісті жұмыстар жүргізеді. Ескеретін жайт, әкімнің осындай әр кездесуіне мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, жағдайды бақылап отырады. Айта кетейін бұл Ерболат Досаевтың қала тұрғындарымен 7-рет кездесуі. Бұған дейін осындай есептік жиын 6 ауданда өткен еді. Түрксіб ауданының халқымен кездесу алдағы аптаға жоспарланған.

Назкен Еркін, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров