Биыл Алматының Әлмерек шағын ауданындағы барлық үйлер су және кәріз жүйесімен қамтылады. Сондай-ақ Қайрат, Нұршашқан ықшам аудандарында жүріп жатқан инженерлік желілердің құрылысы аяқталуға жақын. Бүгін Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров халық алдында есеп беріп, ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Былтыр ғана Түрксіб ауданының әкімі болып тағайындалған Бақытжан Ақжаров халықпен есептік кездесуінде атқарылған шаруаларды атады. «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында инжеренерлік желілерді жаңарту қолға алған. Әйтсе де ауызсу мәселесі ауданда әлі де өзекті.
«Шуақты шағын ауданы, Береке көшесінің тұрғынымын. Ауыз су мәселесі бізде жылда осы су мәселесін көтереміз. Ылғи жобасы жасалып жатыр деп айтады. Қайтып мына жаста су тасимын енді? Қанша жыл болды қолмен су тасып жүрміз құдық кезіп», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Нұрқанат Әбдікерімова.
«Бұл сұрақты мен жақсы білемін. Қазіргі таңда Шуақты шағын ауданында 400-ден астам кәріз жүйесіне қосылмаған үйлерге ПСД жасалып жатыр. Ақша бөлінген кезде құрылыс жұмыстары басталады», – деді Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров.
Шуақты ықшам ауданынан бөлек Нижняя Пятилетка, Жас Қанат шағын аудандары мен Закарпатская көшесінің бойындағы үйлерді суға қосу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Ал ауданның 99 пайызы көгілдір газбен қамтылған. Бұдан бөлек ауданда 600-ден астам ескі үй бар. Олар бойынша да жұмыстар жалғасып жатыр деді аудан әкімі. Биыл жеке инвесторлардың көмегімен ескі үйлердің орнына 9 көпқабатты үй салу жоспарланып отыр.
«Қамыстан жасалған үйде тұрып жатырмыз. Үйдің салынғанына 65 жыл болған. Әбден ескіріп кетті. Енді біз бұл үйдің қашан сүрілетінін білгіміз келеді. Өйткені инвесторлар бірнеше рет көрсе де, біздің учаскені мойынына алғысы келмейді», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Раиса Устенова.
«Бұл үшін барлық тұрғындар үйдің сүрілуіне келісім беруі тиіс. Егер үй иелерінің жартысы құрылысқа қарсы болса, онда құрылысшылар уақыт жоғалтып отырмайды. Олар нысанның сүрілуіне толық келіскен тұрғындардың үйін сүрумен айналысады», – деді Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров.
Сондай-ақ былтыр 4 медициналық мекеме салыныпты. Ал Жас Қанат пен Жұлдыз ықшам ауданында дене шынықтыру және сауықтыру орталығының құрылысы басталған.
«Волочаевкая көшесінде тұрамын. Жеке сектор. Бірақ қанша жылдан бері тұрып келемін ол жерде, ешқандай да балалар ойнайтын, спорт алаңдары болған емес. бүгінгі әкімге келген себебім, сол сұрақты көтеріп тұрғындардың атынан қойдым. Ол кісі оң жауабын берді», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Сәуле Шарбаева.
Ауданда жеке секторларда балалар дәне спорт алаңдарын салуға ерекше көңіл бөлінген. Биыл жеке секторларда 40-тан астам спорт алаңы жасалады. Сонымен қатар аулаларды жөндеу жұмыстары да қарқынды іске асып жатыр. Биыл 115 аула қайта жаңғырмақ. Жалпы бүгін тұрғындардан 150-ге жуық сұрақ келіп түссе, соның 80-ге жуығына аудан басшысы тікелей эфирде жауап берді.
Назкен Еркін, Ескендір Тоғыспаев, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы