Алматыда ерекше балаларға арналған инклюзивті шеберхана ашылды

16.06.2021 23:17

Мұнда логопедтік, сенсорлық құралдар мен тыныс алу жиынтықтары шығарылады

Almaty.tv

Елімізде ерекше қабілеті бар балалар үшін түрлі әлеуметтік жобалар іске асырылып жатыр. Бүгін Алматыда ашылған инклюзивті шеберхана да осындай санаттағы балдырғандарды дамытуға, түзеуге бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv

Мұнда логопедтік, сенсорлық құралдар мен тыныс алу жиынтықтары шығарылады. Жалпы, экоөнімдерді өндіретін орталық 2019 жылдан бері 10 мыңнан астам баланың тілін дамытуға көмектескен. 

«Егер, ерте жастан баланының дамуына мынадай технологияларды қолдансақ, оң нәтиже көре алатынымыз анық. Жобаның басты мақсаты  ерекше қабілеті бар балаларды қоғамнан шеттетпей, қарапайым өмір салтына икемдеу», – деді Израильдің Қазақстандағы елшісі Лиат Вексельман.

Айта кетейік, Израильдік тәжірибесі бар отандық өнім нарыққа қыркүйектен бастап ұсынылады. Ал, ерекше қабілеті бар жастар мұнда өндіріске тартылып, жұмыспен қамтамасыз етілген. 

«Өте керемет жоба басталып отыр. Ерекше дарыны бар балаларды қоғамдық ортаға тарту, қалыпты өмірге бейімдеу – әлемдік мәселе. Қазақстандық әріптестеріміз де осы бағытта дамып жатыр екен, қуаныштымыз!» – деді Израиль мемлекеті СІМ бас директорының орынбасары Эйнет Шлейн.