Алматыда 27 бизнес нысанда «Ashyq» мобильдік қосымшасы іске қосылды

inbusiness.kz
inbusiness.kz
Жаңа қосымша кәсіпкерлерге санитарлық шараларды қамтамасыз етуге және келушілерді мәртебесі бойынша бақылауға көмектеседі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жоғары оқу орындары мен колледждердің бірінші курс студенттері аралас оқытуға көшіп жатыр. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин онлайн-брифинг барысында білімгерлердің қандай тәртіп бойынша оқитыны туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқу жылының 3-тоқсанынан бастап қаладағы 9-11- сынып оқушыларының аралас оқуға көшуіне байланысты қазір пәндердің 70 пайызы офлайн және 30 пайызы онлайн режимде жүргізілуде. Ал, осылай аралас оқытуға өтуге – оқушылардың бітіру емтихандарына және Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға дайындалу қажеттігі себеп болыпты.

«Оқушылар саны 300-ге дейін, әр сыныпта оқушылар саны 25-ке жететін қалалық мектептерде дәстүрлі форматта оқытуға көшті. 1-5-сыныпты қоса алғанда, балалар саны 25 адамға жететін жалпы білім беретін мектептер де аралас оқытуға өтеді. Бұл мәселе ата-аналардың өтініші бойынша қаралып, шешім қабылданды», – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ, Жандарбек Бекшин Алматыда наурыз айынан бастап іске қосылған «Ashyq» мобильдік қосымшасы бизнеске карантин кезеңінде қалай жұмыс істеуге мүмкіндік бергеніне тоқталды. Қазіргі уақытта бұл қосымша қаладағы 27 нысанда пайдаланылуда. Олардың қатарында қаладағы 10 кафе мен мейрамхана иелері, 15 фитнес, SPA және бассейн орталықтары бар. Алдағы уақытта бұл ноу-хауға тағы 4 боулинг орталығы қосылмақ. Жаңа қосымша кәсіпкерлерге санитарлық шараларды қамтамасыз етуге және келушілерді мәртебесі бойынша бақылауға көмектеседі.

«Келушілер саны 5 мың адамды құрайтын ірі спорт кешені нысандарының бірінде тек 2 келуші бұл жаңалыққа теріс көзқарас білдірген. Басым көпшілігі мұндай қосымша арқылы бақылау жүйесін қалыпты жағдай ретінде қабылдады. Ал, смартфоны жоқ азаматтар мекемеге кіру үшін әкімшіге құжатындағы жеке сәйкестендіру нөмірін көрсетсе жеткілікті», – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.

Новости партнеров