|
05.03.2021 | 19:32
5520

Жамбыл облысында байланыссыз қалған ауыл тұрғындары әкімдік жұмысына наразы

Қазір жергілікті тұрғындар байланыс аясынан тыс жерде күн кешуге мәжбүр

Жамбыл облысында байланыссыз қалған ауыл тұрғындары әкімдік жұмысына наразы

Жамбыл ауданындағы ауылды жерлерде мобильді байланыс мәселесі әлі күнге дейін шешілмей тұр. Бұл, әсіресе, Тоғызтарау мен Жаңаөткел елдімекендерінде өзекті проблемаға айналған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір жергілікті тұрғындар байланыс аясынан тыс жерде күн кешуге мәжбүр. Жұрт өркениеттен мақұрым қалғанына наразы. Бұдан бөлек бұл ауылдық округте ауыз су, өткел, жайылым жағы да үлкен мәселе.

Жаңаөткел ауылын жапанда қалған жалғыз елдімекен бе дерсің. Себебі 70 үйі бар ауылдың бірде-бір үйінде ұялы байланыс жоқ. Мұндағы жұртқа қарапайым телефон шалудың өзі мұң. Төбе тауып, қырға шығып қол созбаса, желі жоқ. Оның өзінде үзіліп тұратын желі сенімсіз. Қатар жатқан Тоғызтарау ауылында да тура осы жағдай.  

«Бізде байланыс мүлдем жоқ. Жан-жаққа өзіміз хабарласпасақ, бізге хабарласу мүмкін емес. Оның өзінде биік, төбеге шығып байланыс бар жерді біраз іздеуге тура келеді. Ең қиыны жедел жәрдем шақыру. Ауылда қариялар, балалар бар ғой», – деді Жаңаөткел ауылының тұрғыны Сұлтан Тұңғышбаев.

Ауыл әкімдігі карантинге байланысты онлайн оқу үшін уайфай желісін жүргізген. Мұндағы тұрғындар қымбат болса да орнатқанын айтады. Бірақ  айтарлық нәтиже аз. Ауыл адамдары мүлдем хабарсыз қалмауы үшін бір әдіс ойлап тапқан. Ол – шатыр үстіне телефонды қалдыру.

«Уайфайға ай сайынғы ақшасын төлеп отырмыз. Дегенмен сапасы өте нашар. Осында бір байланыс мұнарасын орнатса дұрыс болар еді. Сол кезде қатар жатқан бірнеше ауылдағы басты проблема шешілер еді. Бірақ құлақ асқан адам көрмедік», – деді Жаңаөткел ауылының тұрғыны Анастас Новиковский.

«Бізге байланыс керек. Қазіргі уақытта онсыз отыру мүмкін емес. Байланысты үйдің іші түгілі далада іздеп жүріп әрең тауып аламыз. Мәселе шешіледі дегелі талай жыл болды. Сенуден қалдық», – деді Жаңаөткел ауылының тұрғыны Елена Новиковская.

Жамбыл ауданының әкімдігі мәселені баяғыдан білетінін айтып отыр. Бірақ айтқаннан іс бітер емес. Олар аталған ауылдарға кезек келмей мәселе шешілмейтінін айтады.

«Бұрын Жуалы ауданына қараған Тоғызтарау. Сосын біздің ауданға өтіп отыр. Енді біз осы байланыстың бәрін кезең-кезеңімен қосып отырмыз. Келісімшартқа тұрғанбыз. Енді келесі кезекте Жаңаөткелде, Тоғызтарауда жүргізілетін болады. Енді осы бірінші тоқсанда бітетін шығар деп отырмыз», – деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков.

Жергілікті тұрғындар алыста қалған ауылда ешкімнің шаруасы жоқ деп қапалы. Халықты еститін билік болса, мұнда ауыз су, жайылым сынды мәселелер де кезек күтіп тұр.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Жамбыл облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир