Алматы күні қалай өтіп жатыр

Алматы күні қалай өтіп жатыр
Қала күніне арналған 30-дан астам мерекелік іс-шара ұйымдастырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қоңыр күзде тұрғындарына ерекше көңіл күй, әсем әуен, шат-шадыман думан сыйлайтын алып шаһар Алматының төл мерекесі жыл сайын ерекше аталып өтеді. Биыл да солай. Мегаполис тұрғындары үшін қала аумағында ауқымы мен бағыты түрлі 30-дан астам мерекелік шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір мезгілде мегаполистің 8 бірдей ауданында және Панфилов пен Жібек жолы көшеcінде «Туған күніңмен, Алматым!» атты фестиваль өтіп жатыр. Бұл – өткен ғасырдың 1980-90 жылдарындағы мәдениетті еске салатын іс-шара. Мереке аясында шаһар тұрғындары ескі Алматының әндерін тыңдап, ашық аспан астында фильм көруге мүмкіндік алды.  

Алматылықтардың бүгінгі жоспары дайын. Таңмен таласа Абай алаңына жиналды. Арбатты аралап, Тұңғыш Президент саябағындағы мерекелік іс-шараға куә болып, Астана алаңындағы кешке қатысады.

– Қалада алматылықтарға, қонақтарға арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Әдемі концерт, шеберлік сағаттары ұйымдастырылған. Алматылықтар өзімізді ерекше тойда жүргендей жүргендей сезініп жүрміз, – деді қала тұрғыны Алтынжан Қожамұратова.

Фестиваль аясында балалар да ұмыт қалмады. Арнайы аниматорлар келіп, бүлдіршіндерге шат шадыман думан сыйлады. Ал мерекеге орай әсемделген көше көпшіліктің көңілінен шыққан. Шетел азаматтары да мерекелік іс-шараға тамсана қарап жүр.

– Мен Испания елінен жұмыс істеуге келдім. Біздің ел мен Алматының ұқсастығы бар екенін біліп отырмын. Бұл қала да Испания секілді колоритті деп айтуға болады. Тұрғындары да өте қонақжай. Алматылықтарды қала күнімен құттықтаймын, – деді Испания азаматы Эмильяно Алонсо.

Әуелеген әнмен қоса, қаланың сұлу көшелерін кенеп бетіне майлы бояумен бейнелеген қылқалам шеберлері мерекелік іс-шараның көркін қыздырды. Қолөнершілердің де жәрмеңкесі талайдың таңдайын қақтырды. Арнайы костюм киген әртістер де көңілді кештен қалыс қалмады.

– Жастар ұйымы өнер ордасының студенттері, түлектерді жинап, қала күніне арнайы перформанс ұйымдастырып жатырмыз, – деді актриса, режиссер Анар Жанбекова.

Қала күнінде ұйымдастырылған кештің басым көпшілігі шаһардың тарихын зерделеуге бағытталған.

Гүлмарал Изатқызы, Жангелді Ахметжанов, «Алматы» телеарнасы


Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Ерболат Досаев алматылықтарды қала күнімен құттықтады

Новости партнеров