127 тонна жеміс әкелінді. Алматы күнін мерекелеу қарсаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеге мегаполистің символына айналған алма саудаға шығарылды. Тұңғыш Президент саябағында өткен фестивальде тұрғындар ұлттық ойынға қатысып, концерттік бағдарламаның куәсі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақлима Омарқызының алма бағын өсіріп, кәсібінің нәсібін көріп отырғанына 30 жылға жуықтаған. Бүгінгі фестивальге тонналап жеміс әкеліп, саудалады. Алматы облысында аумағы 15 гектар жерге ағаш отырғызып, өнім алып отыр. Шаруашылықты отбасымен бірге жүргізеді. Осылайша ол «қарапайым ауыл тұрғынынан білікті агрономға айналдым» дейді.
– Маңдай термен келген табыс қой. Еңбек ету оңай ма? Қиындау. Бірақ бала-шаға, немерелер, бәріміз қызығын көріп жатырмыз. Өзім – агроном, өзіміз өсіреміз, сатамыз, – деді кәсіпкер Ақлима Бекмағанбетова.
Жәрмеңкеге Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарынан шамамен 45 бау-бақша серіктестігі өнімін арнайы әкеліп, саудаға шығарды. Мұнда алманың 13 түрі көпшілікке ұсынылды. Атап айтсақ, американка, кандиль, Айнұр, Салтанат, Рашида және гала мен апорт секілді сорты бар.
– Нағыз иісі бар апортты іздеп жүрмін. Неше жыл болды таппай жүрмін. Біреуін болса да алып, жеп көргім келеді, – деді қала тұрғыны Роза Бажықова.
Сондай-ақ іс-шара кезінде суретке түсуге арналған түрлі орындар ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама қойылды. Фестивальге қала әкімі Ерболат Досаев арнайы келіп, қалалықтарды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ қазақтың ұлттық ойындары ойнатылды. Ересектер қол күрестіріп, күш сынасты. Оқушылар боз кілемде мықтыны анықтады. Ал балалар болса, тоғызқұмалақтан жарысты.
–Тоғызқұмалақ есептеуге зор ықпалын тигізеді. Миың жұмыс істейді. Алматы қаласы көркейе берсін! Ең бастысы Қазақстандами берсін! – деді қала тұрғыны Қуаныш Әбдірахман.
– Қала күнінде немерелеріммен шықтық. Өте керемет, жақсы дайындалған. Қаланың тұрғындарына, келген қонақтарға бақыт тілеймін! Мереке құтты болсын! – деді қала тұрғыны Гүлшара Еңсегенова.
– Алматы – әдемі қала. Таудың етегінде, таза ауа. Алматының жаңбырлы күні ұнайды. Алматы – ауа-райы мен табиғаты ерекше қала – деді қала тұрғыны Назым Батырбекова.
Алма Fest қала тұрғындары мен қонақтарының дәстүрлі мерекесіне айналды. 2015 жылдан бері Алматы күні мерекесі қарсаңында өтеді.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы күні: «Асыл мұра» дәстүрлі музыкалық кеші өтті