Алматы дәріханаларына шілде айының басынан бері жарты миллионға жуық әлеуметтік маңызы бар дәрілер алынды

09.07.2020 23:25

Жағдай Алматы әкімінің үнемі қадағалауында

Фото inbusiness.kz

Алматы әкімдігінің қаланы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаевтың айтуынша шілде айының соңына дейін мегаполиске үш миллионнан астам өмірлік маңызды дәрі-дәрмек жеткізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

З. Сәлімбаевтың айтуынша, шамадан тыс сұраныс дәрі тапшылығына әкелді. Мәселен, егер өткен жылы Алматыдағы фармацевттер өткен айда шамамен 50 мың қаптама парацетамол сатса, биыл өткен аптада 260 мың қаптама қызуды түсіретін дәрілер сатылды. Мәселені шешу үшін Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасымен өндірушілермен, жеткізушілермен, дәріханалар желісімен және мамандандырылған қауымдастықпен меморандумға қол қойылды.

«22 маусымнан бастап біз ірі жеткізушілермен, отандық өндірушілермен, дистрибьюторлармен, дәріханалар желісімен және фармацевтикалық компаниялармен белсенді жұмыс жасаудамыз. Олар келісімге қол қойды, онда ірі жеткізушілер, ресми дистрибьюторлар Алматы қаласындағы 105 дәріханаға әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектердің басым бөлігін жеткізетін болады», – деп түсіндірді З. Сәлімбаев.

Жағдай Алматы әкімінің үнемі қадағалауында. Фармацевтикалық нарық қатысушылары дәрі-дәрмектер қоры туралы және әкімдік шешуге көмектесіп жатқан қиындықтар туралы жедел түрде хабарлап отыруда. Атап айтқанда, әкімшілік кедергілер жойылып, біздің нарыққа бұрын кірмеген импортталған дәрілерді жедел сертификаттау шешілуде.

З. Сәлімбаевтың айтуынша, 1 шілдеден бастап қалалық дәріханаларға 475 мың маңызды дәрі-дәрмек алынды. Оның ішінде парацетамол, аспирин, ингавирин, азитромицин және кардимагнил бар.

«Шілде айының соңына дейін мегаполиске үш миллионнан астам дәрі-дәрмек жеткізіледі. Оның ішінде 2,2 млн парацетамол қорабы, 391 мың аспирин, 160 мың ибупрофен, 60 мың ингавирин, 99 мың азитромицин және басқа да әлеуметтік маңызы бар дәрілер. Үш рейс жеткізіледі деп күтілуде. Ертең ұшақ Ресейден, 12 және 15 шілдеде Үндістаннан келеді», – деп толықтырды З. Сәлімбаев.

Осылайша, дәрі-дәрмек нарығындағы жағдай толығымен тұрақтандырылады.