Сапа және техрегламент талаптарына сәйкес келмейтін өнім Алматы нарығынан алынады

14.05.2021 21:20

Субъектілерді бақылаудан объектілерді бақылауға көшу

Фото: mail.kz

Бүгін Алматы қаласы Техникалық реттеу және метрология Комитетінің департамент басшысы Сауықбек Қапаев өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР «Техникалық реттеу туралы» Заңының жаңа редакциясы тақырыбында брифинг өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еске салсақ, 2020 жылдың 30 желтоқсанында осы Заңның жаңа редакциясы қабылданып, биыл 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Сауықбек Қапаев субъектілерді бақылаудан объектілерді бақылауға көшу жаңашылдық болатынын атап өтті. Осылайша, өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексеріледі. Бұл үшін зертханалық сынақтар жүргізу мақсатында қауіпсіз емес өнімнің үлгілерін іріктеу рәсімі енгізіледі.

«Негізгі міндет ҚР нарығын қауіпсіз емес және сапасыз өнімнен қорғайтын заң қабылдау болды. Сондай-ақ, бақылау іс-шараларын жүзеге асыру кезінде оларға артық жүктеме көрсетпей, отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін енгізу», — деп түсіндірді Сауықбек Қапаев.

Техникалық реттеудің негізгі мақсаттары — өнімнің адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта, оның ішінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесі үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты сатып алушыларды (тұтынушыларды) жаңылыстыратын әрекеттердің алдын алу болып табылады.

ҚР «Техникалық реттеу туралы» жаңа Заңы субъектілерді бақылаудан объектілерді бақылауға көшуді көздейді, яғни осы Заңның іргетасы өнім болып табылады. Осылайша, өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексеріледі.

Заң туралы айта отырып, Алматы қаласы Техникалық реттеу және метрология Комитетінің департамент басшысы Сауықбек Қапаев 2020 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 83 тексеру жүргізілгенін хабарлады. Оның ішінде 50 жағдайда техникалық реттеу, аккредиттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы бұзу фактілері анықталды, бұл тексерулердің жалпы санының 60%-ын құрады.

Мемлекеттік бақылау қорытындысы бойынша тәртіп бұзушыларға жалпы сомасы 18 567 642 тг әкімшілік айыппұл салынды. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.

«Тексеру нәтижелері бойынша 5087 сәйкестік сертификаты, 4231 сәйкестік туралы декларация, 1562 тексеру туралы сертификаттар қайтарылып алынды және қолданысы тоқтатылды, барлығы – 21 254 өлшем құралдары, оның ішінде қолдануға жарамсыз – 589 бірлік, сондай-ақ өлшем құралдарын 1 салыстырып тексерушінің сертификаты, 5 927 850 тг сомасына әкімшілік айыппұл сала отырып, 6 ай мерзімге сарапшы – аудиторлардың 23 аттестаты тоқтатылды», — деп хабарлады С. Қапаев.

Спикер мемлекеттік бақылау қалай жүргізілетінін айтты. Оның айтуынша, бұл жоспардан тыс тексерулер, сондай-ақ субъектіге бару арқылы профилактикалық бақылау болуы мүмкін. Бақылау және қадағалау субъектісіне бармай-ақ, профилактикалық бақылау және қадағалау ретінде тексерудің жаңа түрімен толықтырылды.

«Егер өткізілген зертханалық сынақтардың нәтижелері бойынша өнімнің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтіні расталса және қауіпсіз емес деп танылса ғана өнім алынатын болады», — деп нақтылады С. Қапаев.

Бақылау және қадағалау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау және қадағалау қорытындылары бойынша бұзушылықтарды жою тәсілін бақылау және қадағалау субъектісіне міндетті түрде түсіндіре отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамастан, бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бұзушылықтарды жою туралы ұсыным жасалады.