Сұрақ-жауап: Медеу ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Қала әкімі Ерболат Досаев аудан түрғындарымен кездесті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Былтыр Медеу ауданында 32 шақырымға су құбыры тартылғанымен, шағынаудандар әлі де ауыз суға жете алмай отыр. Қазір аталған мәселені шешу үшін тиісті жұмыстардың жоспары дайындалып жатыр. Бұл туралы аудан тұрғындарымен арнайы кездескен қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Су жүйесі – Медеу ауданының ең күрделі мәселесі. Себебі мұндағы Мұзтау, Көлсай, Сұлусай мен Кеңсай аумағында аталған іс әлі де шешімін таба алмай тұр. Оған тұрғындардың бірнеше қайтара айтылған бүгінгі назы мен сауалы дәлел. Аталған шағынаудандарға қатысты азаматтардың өтінішіне қала басшысы «Су құбырларын жүргізу мен жалпы жөндеу жұмыстары келер жылдың көктемінде басталады» деп жауап берді.

«Мен Медеу ауданының тұрғынымын. Қолдау көшесінің көп жерінде су тартылмай қалған, кәріз жүйесі қосылмааған жерлері бар. Былтырғы салған жолымыз дұрыс болмай жатыр, тау етегінде де қазу жұмыстары да жасала береді. Ертең жауын-шашын болып, бәрі құласа бүкіл Думан ауданының көп жері кетеді», – деді Медеу ауданының тұрғыны Ақтай Төлешова.

«Сапасыз салынған жолдар бар. Осы жылы жаңа проект бастап жатырмыз, жергілікті бюджеттен 216 млн теңге бөлдік, қалған жұмыстарды бітіріп, су сору станцияларды жөндеп, жаңа резервуарды істегеннен кейін су барлық жерге жететін болады. Осы жылдың соңына дейін жұмыстарды бітіретін боламыз»,– деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Әлеуметтік мәселелердің қатарында интернет желісінің жұмысы да бар. 2 жылдық қашықтан оқу кезінде байланыстың бұзылатынын жиі байқадық деген тұрғындар бұл түйткілдің қашан шешілетінін сұрады. Осы ретте айта кету керек, биыл Медеу ауданында жалпы телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін қосымша 3 тірек орнатылып, мобильді станциялар іске қосылған еді.

«Онлайн оқу басталғанда студенттер мен оқушылар қиналып кетеді. Себебі интернет жоқ. Оқушылар қалай оқығанын білмеймін. Көбісі 1 жыл кідіріп қалды», – деді Медеу ауданының тұрғыны.

«Интернетпен қамтамасыз ету жодары қарастырылды. Мен әкімге айтамын. Олар дайын болса «Қазақтелекоммен» бірге жұмыс істеп, интернеттің жылдамдығын, сапасын көтереміз», – деді қала әкімі.

Аталғандардан бөлек, тұрғындар аудандағы медициналық нысандардың аздығын айтты. Сондай-ақ электр желісі мен бизнес объектілеріндегі бірқатар қордаланған мәселені жеткізді. 300-ге тарта адам келген кездесу шамамен 3 сағатқа созылып, азаматтар өз сауалын жазбаша түрде де жолдауға мүмкіндік алды.

Еске сала кетейік, бұған дейін қала басшысы Ерболат Досаев Алматының өзге 5 ауданында тұрғындармен кездесу өткізген еді.

Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров