Алматыда 50 пәтер иелері кооперативінің жұмысы тоқтатылды

15.07.2021 01:26

Бүгінде жалпы шаһарда 8645 көпқабатты тұрғынүй бар

almaty.tv

Алматыда 50 пәтер иелері кооперативінің жұмысы тоқтатылды. Бүгінге дейін шаһардағы көп қабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін 820-дан аса басқару мекемесі болған еді. Қазір алматылықтар шаруаны өз қолдарына алу мақсатында олардан бас тартып, мүлік иелері бірлестіктерін құруда. 6 ай бұрын іске қосылған бастама бүгінде қандай нәтиже беруде? Алмалы ауданының тұрғындарымен Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тілдесті.

Елена Петровна Алмалы ауданы, Жамбыл көшесіндегі 188 үйде тұрып келе жатқанына 40 жылдан асқан. Әрдайым тұрғын үйдің жағдайы жасалып, ауланың таза болуына көңіл бөліп келген ол биыл көпшіліктің қалауымен мүлік иелері бірлестігінің төрайымы болып сайланыпты. Айтуынша, бұған дейін пәтер иелері кооперативіне төленген ақшаның қайда және қалай жұмсалғаны белгісіз болған. Ал тұрғындардың сұранысы ешқашан қанағаттандырылмапты.  

«Пәтер иелерінің кооперативінен үйді қабылдап алған уақытта, жағдайдың соншалықты нашар екенін түсіндім. Алғашқы күннен бастап, кәріз жүйесін ауыстыруға күш салдық. Құбырлардың бұған дейінгі күйі мен жөнделгеннен кейінгі түрін салыстыруға келмейді. Қазір қаражатымызға жарық болсын, жертөле болсын, бәрін өзіміз жасап жатырмыз», – деді Алмалы ауданындағы көпқабатты үйдің МИБ төрағасы Елена Красновская.

Әр кіреберісте 3 бейнебақылау камерасы, жаңа шатыр мен жарық шамдары, пошта жәшіктері орнатылған. Одан өзге жертөлені жөндеу жұмыстары да жүргізіліпті. Ауланы тазалау мен көгалдандыру шаруалары да мүлік иелері бірлестігі құрылғалы белсенді жүзеге асып жатыр.

Блиц:

«Біраз жыл «Жансая» деген кооперативте болдық. Қанша ақша төлеп жатсақ та, айтқанымыздың барлығын істемейтін. Қарамағында 114 үй болыпты, енді өздеріңіз елестетіңіздерші, олар қандай ақша тауып отырды. Бірақ ешқандай қайтарымы жоқ», – деді  Алмалы ауданының тұрғыны Гүлбаршын Елукенова.

«Әрдайым ананы түзетіп беріңдер, мынаны жөндеп беріңдер деп сұрайсың. Кейін, кімге жалынатынымызды да білмей қалдық. Бұл жағдайдан кейін тұрғындар бәріміз жиналып, мүлік иелері бірлестігін құруды шештік. Жарты жыл ғана өтті. Міне, қазір көп нәрсе өзгерді. Өкінбейміз», – деді  Алмалы ауданының тұрғыны Ольга Мельникова.

Осы ретте, Алмалы ауданы әкімдігінің жауапты мамандары былтыр 7-қаңтардан бастап, «мүлік иелері бірлестіктерін» құру бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстары қолға алынғанын айтады. Қазір ауданда 1395 көпқабатты үй бар. Оның ішінде 70-тен аса үйдің тұрғындары белсенділік танытып, өздерінің басқару формасын ауыстырыпты.

«20-25 жыл көлемінде пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы ешқандай нәтиже бермегені - алматылықтар үшін ортақ мәселе екені белгілі. Сол үшін де заңға өзгертулер енгізілген еді. Қазірдің өзінде мүлік иелері бірлестігіне өтіп жатқан тұрғындар көп. Себебі бастама жақсы нәтиже беріп, қолжетімділік пен ашықтықты қамтамасыз етуде», – деді Алмалы ауданы әкімі аппараты бөлімінің бас маманы Руслан Айтанов.

Бүгінде жалпы шаһарда 8645 көпқабатты тұрғынүй бар. Қазір оларға қызмет көрсететін 820-дан аса басқару мекемелерінің 50-ге жуығы жабылып, жаңа 474 мүлік иелері бірлестігі құрылған. Қалған пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы 2022 жылдың 1-шілдесіне дейін толық тоқтатылатын болады.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы