Креативті индустрияда жақсы идеяларға қолдау көрсетіледі - Сана Жандай

09.12.2022 23:31

2023 жылы өнеркәсіп, креативті экономика мен ІТ саласын қаржыландыруға бюджеттен 40 млрд теңге бөлінбек

Almaty.tv

2023 жылы өнеркәсіп, креативті экономика мен ІТ саласында 2,5 мыңнан аса жобаны қаржыландыруға бюджеттен 40 млрд теңге бөлінбек. Мәслихат депутаттары әсіресе креативті экономикаға қомақты қаржы салынып жатқаны қала экономикасының жылдық өсімін көтеруге сеп болатынын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Креативті индустрияда жақсы идеяларға қолдау көрсетіледі. Бұл ең бірінші жастарға мол мүмкіндік. Өйткені қазір түрлі инновациялық жобасы бар жас буын көп», – деді қалалық мәслихат депутаты Сана Жандай.

Бұдан бөлек депутаттар «мәдениет ошақтарының инфрақұрылымына ерекше назар аударылатыны көңіл қуантады» дейді. Мәселен келер жылы Алматы хайуанаттар бағы жаңғыртылмақ. Сондай-ақ «Алатау» дәстүрлі өнер театры күрделі жөндеуден өтіп, Қуыршақ театры мен кітапханаларды цифрландыру басталады. Мәслихат отырысында Кенжехан Матыжанов кітапханалар, музей мен театрларды шеткі аудандарда салу жайын көтерді. Әсіресе мұражайларды  көбейту үшін аудандарда көрме залын ұйымдастыруға болатынын алға тартты.

«Мәселен Сақ қорғаны музейі көптен бері бітпей жатыр. Сол сияқты қаладағы әр ауданның ерекшелігіне байланысты музей жүйесін ұйымдастыруға болады. Алғашқы бастамалар бар. Толық шешіп жіберу өте қиын. Оны әлі де кешенді түрде қарау керек», – деді қалалық мәслихат депутаты Кенжехан Матыжанов.