Алматыда пандемиямен күресте еріктілер қандай жұмыс атқарды

21.07.2020 23:35

800 медициналық қызметкерге азық-түлік пакетін табыстады

Аlmaty.tv

Алматыда пандемиямен күресте еріктілердің қосқан үлесі зор. Бүгін волонтерлердің атқарған жұмысы жайлы онлайн брифингте қалалық «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Мади Ахметов пен «Қазақстан Еріктілер лигасының» филиал төрайымы Бағдат Анарбаева айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Белгілі болғандай, еріктілер 27 блок-бекеттегі дәрігер мен полицейлерге 3 миллион теңге көлемінде көмек көрсеткен. «Жақыныңа жанашыр бол!» акциясы аясында халыққа 5 мың дана бір реттік маска таратылған. 800 медициналық қызметкерге азық-түлік пакетін табыстады.

«Алматы қаласында алматы қалалық «Жас отан» жастар қанатының қасынан арнайы волонтерлердің штабы құрылып, ол жерге 200-ден астам волонтердің басы біріктірілді. Оның ішінде жастар, белсенді партия мүшелері де бар. Бұл біздің волонтерлік штаб қаламыздағы 8 ауданда карантиннің алғаш күнінен бастап өз жұмысын атқарып келе жатыр», – деді қалалық «Jas otan» жастар қанатының жетекшісі Мәди Ахметов.

Еріктілер ұйымы 16 наурыздан бастап 5 мыңға жуық мұқтаж отбасыға азық-түлік себетін жасақтаған. Үйінен шығуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға дәрі-дәрмек жеткізіп берген. 150-ден аса нысанда қоғамдық мониторинг жасалды. Ал қазір еріктілер дәріханаларды аралап, препараттың бағасы мен ассортиментіне қатысты тексеріс ұйымдастырып жүр.

«15 вирус ошағына тұрақты түрде еріктілер азық-түлік пен дәрі-дәрмек жіберіп тұрды. 7 қайырымдылық акция өткізіліп, жалғызбасты зейнеткер мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерді назардан тыс қалдырмадық. 10 мыңдай телефон қоңырауына жауап берілді», – деді «Қазақстан еріктілер лигасы» ҚҚ Алматы филиалының төрайымы Бағдат Анарбаева.