Алматы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров Дүниежүзілік банк тобына қала мен Алматы агломерациясының одан әрі дамуына үлес қосуға ниет білдіргені үшін алғыс айтты
2021 жылдың 16 сәуірінде Алматы әкімдігі Дүниежүзілік банкпен, Халықаралық қаржы корпорациясымен, ҚР Ұлттық экономика министрлігімен және Алматы облысының әкімдігімен бірге қаланы дамытудың «Алматы-2050» Стратегиясын іске асыруға, «Үлкен Алматы» агломерациясын және Алматы агломерациясының Цифрлық платформасын дамытуға ықпал ететін өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Келісімнің басты міндеті экономика, кәсіпкерлік, энергетика, урбанистика, цифрландыру, жасыл экономика салаларындағы және агломерацияны дамытудағы ынтымақтастық болып табылады.
Бұлардан өзге, агломерацияларды дамыту туралы Заң жобасының тұжырымдамасы бірге әзірленеді, соның аясында басқару үдерістерінде туындайтын қарым-қатынастарды, мемқолдауларды және жалпы агломерацияны функциялауды реттеу жоспарлануда.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров Дүниежүзілік банк тобына қала мен Алматы агломерациясының одан әрі дамуына үлес қосуға ниет білдіргені үшін алғыс айтты.
Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров Меморандумның бірлескен жұмысқа жаңа серпін беріп, өңірдің дамуына үлес қосатынын атап өтті.
«Дүниежүзілік банк серіктестіктермен бірге қала көлігін, қаланың жасыл ландшафтарын дамытуға және экномиканың тұйық циклдерін әрі ауаның ластануына қарсы іс-шараларды іске асыруға қолдау көрсетеді», – деді Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто.
«Біз мемлекеттік және жеке сектор деңгейінде жаһандық тәжірибе мен озық практиканы қолдана отырып, Алматы басшылығының қаланы адамдардың өміріне жайлы және бизнес үшін тартымды экологиялы, бәсекеге қабілетті қалаға айналдыру жолындағы ұмтылыстарына қолдау білдіреміз», – деді ол.
Өз кезегінде Халықаралық қаржы корпорациясының Орталық Азия бойынша өңірлік өкілеттігінің басшысы Кассандра Коллберт Халықаралық қаржы корпорациясы (ХҚК) Қазақстанда Алматы қаласының әкімдігімен тығыз байланысты жалғастыратынын әрі ынтымақтастықтың Алматыны әлемдік деңгейдегі қала ретінде дамытуға бағытталатынын және мақсатты реформалар арқылы қаланың инфрақұрылымдық сұранысын дамытуға өте қажет ұзақ мерзімді сыртқы қаржыландырудың қолжетімді болуына ерекше назар аударатынын айтты. ХҚК Алматы әкімдігіне Fitch Ratings-дан халықаралық несие рейтингін алу мәселелері бойынша кеңес берді, ал бұл жасыл инфрақұрылымды жақсартуды қаржыландыру үшін Орта Азиядағы алғашқы муниципалды жасыл облигацияларды шығарудың негізін қалайды.
Еске салсақ, биыл 17 наурызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Алматы қаласын одан әрі дамыту бойынша кеңес өткен еді. Кеңесте Мемлекет басшысы Алматы агломерациясының қала маңы мен елді мекендерді дамыту үшін өте қажет екенін атап өткен болатын.
Президент Алматы агломерациясы аясында «Үлкен Алматының» 4 пилоттық жобасын іске асыру мүмкіндігін қарастыруды, Алматы агломерациясын басқару жөніндеі кеңес құруды, агломерацияның көлік моделін әзірлеуді, агломерациялық мәселелерді шешу үшін мәслихат пен қала әкімдігіне өкілдігін кеңейту мақсатында кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді тапсырған болатын, оның ішінде несие алу, сәулет және қала құрылысы қызметі, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша.