Алматы көшелеріне жаңадан төселген тас жолдың сапасы тексерілді

22.06.2022 23:37

Қазір қалада ұзындығы 177 шақырым болатын 197 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Almaty.tv

Алматы көшелеріне жаңадан төселген тас жолдың сапасы тексерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мердігер компания өкілдерінің жұмысын «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» мамандары барып көрді. Негізгі талапта көрсетілгендей олар асфальттың қалыңдығын, технологиясын және шұрық-тесіктердің болмауын қадағалады. Сала қызметкерлері жыл басынан бері 157 көшенің жолын тексеріп, 384 сынама алыпты. Оның 200-інде қателіктер анықталған.

«Егер де ол сынақтан өткен сынамалардың нәтижесі талаптарға сәйкес болмай шыққан жағдайда олар өз қаражатынан қайтадан жөндеуді. Қала бойынша жасалып жатқан жол жөндеу жұмыстарына мердігер компания екі жылға кепілдік береді», – деді  «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Алматы филиалының инженері Айдар Бейісбеков.

Қазір қалада ұзындығы 177 шақырым болатын 197 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін 8 мердігер компания жұмыс істеп жатыр. Басымдық  қаланың шеткі аудандарына берілген.

«Біз қазір Алатау ауданының Ақбұлақ шағынауданында Дәуренбеков көшесінің сынамасын алдық. Оң нәтиже көрсетті. Асфальттың қалыңдығы 6 см.», – деді Мобилділік басқармасы көше-жол тораптарын дамыту бөлімінің бас маманы Көкен Жарқынбек.