|
10.07.2024 | 18:38
526

Алматыдағы «Қалқаман» метро бекеті 2026 жылы қолданысқа беріледі

Қазіргі таңда стансаның 2 км құрылыс аймағында жұмыс жүргізіліп жатыр

Алматыдағы «Қалқаман» метро бекеті 2026 жылы қолданысқа беріледі elements.envato.com

Алматыдағы «Қалқаман» метро бекеті 2026 жылы қолданысқа беріледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының метрополитенге жасаған жұмыс сапарында белгілі болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Айдос Сарым мен Сергей Пономарев ұзындығы 2 шақырымдық жер асты жолының құрылысымен танысып, метрополитеннің алға қойған мақсат-міндеттерін талқылады. Кездесуде 2030 жылға қарай шаһарда 36,5 шақырым аумаққа созылатын 21 бекет салынатыны да айтылды. Жоспарға сай, метро желісінің бір бағыты әуежайға дейін жетсе, енді бір бағыты «Алматы-1» теміржол вокзалының маңына жақындайды екен. Атап айтсақ, аялдама Сүйінбай даңғылы мен Хмельницкий көшесінің қиылысына түспек.

- Метро алматылықтарға ұнайтын, күнде қолданылатын қоғамдық көлікке айналды. Жаңа деректерін көріп отырсыздар, осы 2023 жылдың нәтижесінде ғана қанша миллиондаған адам күн сайын метромен қатынап жүр. Әрине, метроның қызметін кеңейту керек, станциялардың саны артуы тиіс. Оның аясында қаржы мәселесі де, технология мәселесі де бар. Кадр мәселесі де бар екенін көріп отырмыз. Күніне 3 метрден қазып жатыр дегеннің өзінде, бұл - ұзақ мерзім, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Депутат Айдос Сарым құрылыс қарқынын арттыру қажеттігін айтып, республикалық бюджетке бірден салмақ түсірмеу үшін шетелдік инвесторларды тарту керек екенін де атап өтті. Тіпті, метро бекетінің құрылысшыларын «кеншілер» санатына көтеру мәселесін сөз қылып, бұл бағытта әлі де жұмыстар атқарылады деп сендірді. Ал «Қалқаман» бекетінің құрылысына қазірдің өзінде 15,8 миллиард теңге бөлініпті. Жоба толығымен аяқталуы үшін енді 52 млрд теңге қажет. Сондай-ақ жоспар бойынша, бұл бекетті «Барлық» базарына дейін ұлғайту және сол аумақта 1380 көлікке арналған автотұрақ салу да көзделіпті. Метрополитен қызметкерлерінің сөзінше, бекеттер санының артуы адам тасымалын да көбейтеді. Бүгінде метромен күніне 70 мыңға жуық тұрғын қатынаса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 300 мыңға дейін жеткізу жоспарланады.

- Қазіргі таңда Қалқаман стансасы 2 км құрылыс учаскесінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Күніне тоннель 3 метрден салынып жатыр. Жоспар есептелінгендей болса, қаржы уақытылы бөлінсе, 2026 жылы жұмысты аяқтауға дайынбыз, - дейді Метрополитеннің күрделі құрылыс жөніндегі директорының орынбасары Қанат Ахметов.

Оқи отырыңыз: Алматыда күн панельдерін шығаратын зауыт құрылысы қаржыландырылады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир