Бұл туралы Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуінде айтты
Алматының Медеу ауданында 46 шақырымдық су құбыры мен кәріз желісінің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл қазан айында аяқталады деп жоспарланған жоба аудандағы қордаланған мәселелерді шешуге сеп болмақ. Дегенмен, әзірге тұрғындар тұралап тұр деген жұмыс аз емес көрінеді.
Жайлы санатқа жататын баспаналарға кім көрінген кіре беретін көрінеді. Өйткені, мердігер компания әу баста есіктерге құлып орнатпаған. Аула тазаланбайды, көгалданғаны тіптен көрінбейді.
«Бізде жарық жиі өшеді. Тұрғындарда не газ жоқ, не су жоқ», – дейді қала тұрғыны Жақсыгүл Жүкебаева.
«Қала құрамына кіргенімізбен, электр желісі облысқа қарайды. Бізде газ да жоқ, жарық өшкен күні су, тамақсыз қаламыз. Жарты жылда бармаған жеріміз қалмады. Мердігер компанияның мұндай жауапсыздығына жол беруге бола ма?», – дейді қала тұрғыны Эльмира Оспанова.
Аталған жағдайдан әкімдік хабардар. Мегаполис басшысының өзі мердігер ұйымның жұмысындағы олқылықты жақсы білетінін айтты.
«Құрылыс талабын орындамау, жоспарға сай жұмыс істемеу дегеннің бәрін арнайы басқарма бақылауы керек. Сондықтан, сіздің мәселеңізді Бақытжан Асанұлы жан-жақты қарастырып, жолын көрсетіп берсін. Ал біз үйді салған құрылыс компаниясына ресми түрде тексеру жүргізейік. Басқа сұрақтарыңызды басқарма басшысына дәл қазір жеткізіңіз», – деді қала әкімі.
Басқа сұрақ бұқарада баршылық. 2 жарым сағатқа созылған кездесуде негізінен Медеу ауданын абаттандыруға мән беру сұралды. Азаматтарды алаң қылған тағы бір жайт – су мен канализация желісінің жұмысындағы ақау. Алматы әкімі мұндай түйткілдердің түйінін тарқату үшін жауапты басқармаларға тапсырма берді, азаматтарды жеке қабылдауға жазды.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, Алматы телеарнасы