Оқушылар су кешуге мәжбүр: Медеу ауданында арықтар қашан қоқыстан тазартылмақ

Almaty.tv
Almaty.tv
Жергілікті тұрғындар бұдан бөлек, жол мен жарық, кәріз жүйесіне қатысты түйткілдерді көтерді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бітелген арықтан ағатын судан әбден мезі болдық. Осылай деген алматылықтар Медеу ауданы әкімдігі ұйымдастырған көшпелі кездесуге базынасын айтып арнайы келді. «Көк базар» аумағында өткен басқосудың мақсаты  Мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтар арасындағы байланысты нығайтып, заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Жиында жергілікті тұрғындар бұдан бөлек, жол мен жарық, кәріз жүйесіне қатысты түйткілдерді көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Халықпен кездесудің болатынын естіп келгендердің бірі Гүлбала Құдабаева. Ол Жібек жолы мен Зенкова және Қалдаяқов көшелеріндегі арықтардың дұрыс жұмыс істемейтініне шағымданды. Жаңбырдан кейін далаға аққан су жаяу жүргіншілерге кедергі келтіреді дейді.  

«Көк базар» базары Медеу ауданында орналасқан. Аптасына 2-3 рет азық-түлік алуға келеміз. Базардың айналасын жаңбыр жауғанда келіп көрсеңіздер болады. Ұят нәрсе. Неше түрлі қоқыс жол бойына шығып жатады», деді қала тұрғыны Гүлбала Құдабаева.

Жиналғандар №168 мектептің айналасындағы арық жүйесінің істен шыққанына наразы. Жаңбыр жауып, қар ерісе жер көл-дария болып, немерелерін сабаққа апара алмай қалады екен. Сондықтан жауаптылардан арық қазып беруді өтінді.

«Судың бәрі мектепке қарай ағады. Балаларға обал. Үлкендері секіріп өтеді. Жастары суды кешіп өтеді», – деді қала тұрғыны Тағай Әлиев.

Мамандар түйткілді мәселелерді түртіп алып, оларды шешу жолдарын қарастырмақ.  

«Былтырғы жылы Жібек жолы көшесінде жол жасау жұмыстары жүріп, содан бітеліп қалды ма деп тұрмыз. Бір жерінде бетон немесе цемент тұрып қалмаса. Қазір оны ашып, анықтаймыз. Тұрғындарға хабарын береміз, телефон нөмірін жазып алдық», деді Медеу аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Марат Тілешев.

Ұйымдастырушылар Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында мұндай көшпелі кездесулердің жалғасатынын айтады.

Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, Руслан Сулейман, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров