Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсынысын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады
Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі, онда мегаполисті 2025 жылға дейін дамытудың негізгі басымдықтары мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар көрсетілген. Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсынысын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады. Бұл туралы Алматы қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаты Болат Садықов пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алматы әкімі Ерболат Асқарбекұлы Досаев шаһар тұрғындарына үндеу жасап, «Алматының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының негізгі басымдықтары мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары» көрсетілген «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын ұсынды.Қаламыздың көркеюіне алматылықтардың пікірі өте маңызды. Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсынысын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады.
Қала тұрғыны, медицина қызметкері, «AMANAT» Фракциясының мүшесі және Мәслихат депутаты ретінде әсем қаламызды дамыту үшін, бүгінгі таңда қаланың жаңа аудандарына қатысты бірқатар өндіріс салаларын, медицина және білім орталықтары, балабақшалардың ашылуы, сонымен қатар қоғамдық көлік және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық мәселелері көтерілгені мені қуантады.
Бағдарламада барлық қала тұрғыны үшін әлеуметтік игіліктерге тең қолжеткізу бойынша шаралар көзделген. Инклюзивтілікті, әлеуметтік орнықтылықты арттыру үшін мегаполисте 5 бастама іске асырылады. Осындай ашық түрде көпшілікпен ақылдасып, қабылданған жоспардың нәтижесі қаламыз үшін, тұрғындары үшін оңды болатынына сенімдімін!» – деді Болат Садықов.