Біз жастармен ортақ тіл тауып, барлық мәселелерді шешеміз – Жансая Әбдімәлік

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыда қалалық мәслихаттың 7-ші шақырылымының алғашқы сессиясы өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қалалық мәслихаттың 7-ші шақырылымының алғашқы сессиясы өтті. Онда жаңадан сайланған депутаттар құрамы таныстырылып, қалалық мәслихаттың хатшысы тағайындалды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өз кезегінде халық қалаулыларын жаңа мандаттарымен құттықтап, алдағы міндеттерді белгіледі. Сондай-ақ Алматының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы айқындалды. Мәслихат отырысында тағы қандай шешімдер қабылданды? Шаһарда алдағы 5 жылда қандай өткір мәселелер шешілмек? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.

Бүгін алып шаһар Алматының мәслихатына сайланған депутаттардың бірінші сессиясы өтті. Сайлау қорытындылары бойынша мәслихаттағы орындардың 29-ы «Нұр Отан» партиясына, 4 орын - Ақ жол, ал Қазақстанның Халық партиясына мен Ауыл партиясына 3 орыннан бұйырған. Жаңадан сайланған депутаттарды жаңа мандаттармен құттықтаған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев биылғы сайлаудың басты ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

«Қала әкімі ретінде біздің басты міндетіміз сіздердің сайлау алдындағы жобаларыңызға, қаланы дамыту бағдарламаларына енген қала тұрғындарының көкейкесті сауалдары мен үміттерін ақтау деп санаймын. Бізге оларды қаржылай нығайту қажет және қала тұрғындарының мәслихаттың жаңа құрамына берген сенім мандатын іске асыру және сақтау үшін алдағы 5 жылғы бөлуіміз керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

7-ші шақырылымда Алматы мәслихатының хатшысы болып депутат Станислав Канкуров бірауыздан сайланды. Айта кету керек, қала стратегиясын тиімді жүзеге асыру үшін бұған дейін 6 тұрақты комиссия жұмыс істеді. Енді олардың атауы қайта қаралып, экология мәселелерін шешуге арналған тағы бір комиссия қосылды. Жиында осы 7 комиссияның төрағалары тағайындалды.

«Бір маңызды мәселе –  экология. Әрбір алматылыққа енді сол маңызды мәселе. Қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев та осы мәселесін көтерді. Мәслихатта жаңа комиссия құрылды. Сондықтан осы мәселемен біз тұрақты жұмыс істейтін боламыз», – деді қалалық мәслихат хатшысы Станислав Канкуров.

Сессияда Алматының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы бекітілді. Осы ретте мегаполис басшысы мәслихат депутаттарының әкімдікпен бірігіп жасайтын өзекті міндеттерін атап өтті. Басты бағыттардың бірі – жұмыссыздық деңгейін төмендету. Әкім тапсырмасымен осы мақсатта Жол картасы әзірленіп жатыр.

ГРАФИКА-1: Бағдарлама жұмыссыздықты бес жылда 5,1 пайызға қысқартып, орташа жалақыны 320 мың теңгеге дейін арттыруды көздейді. Сондай-ақ,  240 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

ГРАФИКА-2: Бұдан бөлек индустриялық аймақта жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнес үлесін 40-тан 45 пайызға ұлғайту міндеті тұр.

«Алматы бизнес-2025» – өте үлкен бағдарлама. Біздің еліміздің бюджетінің негізін құрайтын шағын және орта кәсіпке айналдыруымыз керек. «Нұр Отан» партиясының басты мақсаты ретінде шағын және орта кәсіпті көтере білсек, яғни халықтың жұмыссыздығы азаяды, әл-ауқаты көтеріледі», – деді қалалық мәслихат депутаты Нұрымбек Тау.

Сонымен бірге, жаңа депутаттар қаланың экология саласын дамытуды қолға алуы керек. Бұл ретте 2-ші Жылу Электр Орталығын модернизациялау бес жыл ішінде аяқталмақ. Ал қалдықтарды өңдеу үлесі 11 пайыздан 24 пайызға дейін артып, жасыл алқаптар аумағы 14 миллион шаршы метрден 16, 8 миллион шаршы метрге дейін ұлғайған.  «Жаңа Алматы» жоспары аясында қала шетін дамыту және өмір сүру сапасын жақсарту қарастырылған. 2023 жылға қарай қала тұрғындарының 99 пайызы сапалы ауыз сумен, 100% газбен қамтылмақ.

«Сұрақ әрине көп. Мәселенің бәрі қаланың көркеюі, халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканың тұрақтылығы, инфрақұрылым сияқты маңызды тақырыптарды қамтиды. Аталған мәселені шешу үшін біз нақты жоспар ұсынып отырмыз. Олардың қабылданып, жүзеге асуы үшін барымызды саламыз», – деді қалалық мәслихат депутаты Әлібек Шапенов.

Мәслихаттың құрамы жаңартылды. Депутаттар қатарында: кәсіпкерлер, дәрігер, әлеуметтік белсенділер, спортшылар, мектеп, колледж директорлары, ЖОО ректоры және түрлі компаниялардың басшылары. Олардың әрқайсысы бүгін халықтың сенімін білдіретін төсбелгі мен куәлік табысталды.

21 жастағы шахматшы Жансая Әбдімәлік  Алматы қаласы мәслихатының ең жас депутаты болды. Гроссмейстер ақыл-ой спортының дамуына ықпал етпекші.

«Жастардың елден кетпеуіне және өз отанында жұмыс істеуі үшін жағдай жасау керек. Мәслихатқа келуімнің себебі – мен жаспын. Ал осының бәрін бастан өткергеннен кейін жастарды жақсы түсінемін, ортақ тіл тауып,   барлық мәселелерді шешеміз», деді қалалық мәслихат депутаты Жансая Әбдімәлік.

Сессия соңында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңарған депутаттар құрамын алматылықтардың өмірін жақсартуға бар күш-жігерін біріктіруге шақырды. Жалпы бекітілген «Алматы-2025» стратегиялық жоспарында көрсетілген 7 бағыттағы мәселелер  мәслихат депутаттарымен біріге отырып шешілетін болады.

Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров