Қала күні: Дос-Мұқасан ансамблінің әндері шырқалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматылықтар қала күнін атап өту үшін таңғы 10-нан бастап Панфилов көшесіне жиылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар «Сүйем сені, Алматы!» атты көше мәдениетіне құрылған фестиваль аясында мерекені екі күн қатарынан естен кетпестей атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматылықтар қала күнін атап өту үшін таңғы 10-нан бастап Панфилов көшесіне жиылған. Келген жұрт алдымен бұқатартыс, қолкүрес, асық ату, қазақ күресінен күш сынасып, дене шынықтырып алды. Тоғызқұмалақ сияқты интеллектуалды ойындар да бар.

"Бұл тоғызқұмалақ ойынын бірінші сыныптан бастап ойнап келемін. Тоғызқұмалаққа қатысқаннан бастап, математикадан өте тез есеп шығара бастадым. Есте сақтау қабілетім артты. Ой-өрісім дамыды. Диктант жазғанда тез жазатын болдым", - дейд қала тұрғыны Әли Оспан.

"Сүйем сені Алматы" фестивалі әрі қарай жалғасып, цирк қойылымдарымен қыза түсті. Елдің бар назары Мемлекеттік цирктен келген акробаттарға ауды. Олар ерекше трюктер жасап, жұртты таң-тамаша етті. 

"Өте ұнап жатыр. Әсіресе балаларға қатты ұнап жатыр. Алматы күні құтты болсын! Мына жерде барлығы қатысып, қуанып жатырмыз. Өте керемет", - деп әсерін бөлісті мегаполис тұрғыны.

Ал бес қаруын сайлаған азамат көпті өнерімен тәнті етіп, таңдай қақтырды. Алып ағаш пен гір көтеріп қана қоймай, жастарға ел арасында ұмыт бола бастаған қылыш пен шоқпарды басқаруды үйретті. 

"Қажымұқан, Балуан Шолақ, Иманжүсіп аталарымыздың ізін жалғастырып, Алланың күшімен халықты қуантып жатырмыз. Қаншама шет мемлекеттерден адамдар келіп көріп жатыр", - деді жеті дүркін Қазақстан және әлем рекордшысы, қолкүрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Темір Спатай.

Жүрегі Алматы деп соққан кімнің болсын қала тарихынан хабары болмауы мүмкін емес. Шаһардың өзіне тән атмосферасы, қалыптасу жолы бар. Қызық аңыздары да жетерлік. Сондықтан тұрғындар мен қала қонақтарын ретро стильдегі концерттер мен би алаңдары ерекше баурайды. 

"Маған ұлттық көрмелер өте ұнап жатыр. Әртүрлі концерттер болып жатыр. Жас «Дос-Мұқасан» ансамблінің әндерін тыңдап, жастық шағымды есіме алып, сондай бір тамаша күн болып жатыр деп айтса болады. Алматы күні құтты болсын!" - деп қала тұрғыны Гүлнәр Әбденова алматылықтарды құттықтады.

1940-жылдардан бастап бүгінге дейін болған жарқын оқиғалар кейіпкерлер арқылы, әдемі көрме-қойылымдар арқылы берілді. 

Фестивальде жастар әдемі көңіл көтеріп жатыр. 80-жылдардағы елдің есінде қалған әндерді шырқап жатыр. 

"Баршаларыңызға Алматы күні құтты болсын! Бәріңізді Құттықтаймыз!" - деді "Жаңа ғасыр" театрының актері Еркебұлан Қаламбай.

Мерекелік шараны тамашалауға қала әкімі Ерболат Досаев та келіп, қолөнер шеберлерінің туындыларын көріп, ризашылығын білдірді. Фестивальдің негізі қала тарихына өрілгендіктен, дүйім жұртқа ерекше ыстық көрінді. Биылғы қала күні осындай жылы естеліктерімен елдің есінде қалды. 

Назкен Еркін, Жақсылық Тілепберген, Арсен Сандыбаев, "Алматы" телеарнасы
Новости партнеров