Сұрақ-жауап: Алмалы ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

09.03.2023 23:45

Кездесуге 250-ден аса адам келді

Almaty.tv

Алматыда маусымаралық уақытта азық-түлік бағасы бақылауға алынады. Бүгін Алмалы ауданы тұрғындарымен кездескен қала басшысы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың халықпен кезекті кездесуі Алмалы ауданында өтті. Бүгін қала басшысына өзекті мәселесін арқалап 250-ден аса адам келді. 4 микрофонға кезек-кезек жақындап, сұрақтарын қойған тұрғындар қатарында дүйім елдің үмітін арқалап келгендер де бар. Көптің өтініші - бағдаршам мәселесі екен. Қауіпсіздік үшін өткен жылы Алмалы ауданында 13 жаңа бағдаршам орнатылған екен. Халықты ендігі кезекте олардың санын көбейту жайы мазалады.

«Аудан тұрғындары Ислам Каримов пен Төле би қиылысында бағдаршам орнату сұрайды», –  деді қала тұрғыны Омар Нұрхайдаров.

«Биыл бағдаршамды орнатып беруге тырысамыз. Күзге қарай жұмыс басталады деп жоспарлап отырмыз. Алдымен Алмалы ауданындағы бас-аяғы 16 бағдаршамның құжатын реттеп алуымыз керек. Сiздiң мекен-жайыңыз жүйеге енген болса, күзде бағдаршам қолданысқа берiледi», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Алмалы ауданы тұрғындары жәрмеңкедегі көзбояушылыққа қатысты сұрақ қойды. Олар қымбатшылық қысқан заманда азық-түлік бағасының неге бақыланбайтынын сұрады.

«Алматыда жәрмеңке өткізіліп жатыр ғой. Барлығы арзан деп шақырады. Мен аудан өткізетін ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне 3 рет бардым. Алма 250 теңге деген соң, зейнеткерлер арзан екен деп барады. Ал шындығында 500 теңгеден кем түсетіні жоқ. Неге осыны бақылауға алмасқа?» – деді тұрғын.

Қол астындағыларды бір сыбап алған қала басшысы маусымаралық кезеңде бағаларға тыңғылықты қадағалау жасалатынын жеткізді. Биыл бұл мәселені шешу үшін жеткілікті қаражат бөлінген. Бағаны бекіту туралы келісімшарттарға қол қойылған. 20-наурыздан бастап алғашқы түсімдер сауда орындарына жеткізілетін болады.

«Сенбі-жексенбі күні өткізілетін ауылшаруашылығы жәрмеңкелері халықтың қажеттілігін әрине жаппайды. Менің жұмысымдағы маңызды мәселелердің бірі – азық-түлік бағасын тұрақтандыру, бақылау. Биыл жоспарымыз бар. Мәселен, біз көкөністерді жинаған соң ешқандай алыпсатарларсыз, ешқандай делдалсыз сауда орынына жеткізуді ойластырып отырмыз»,  – деді қала әкімі.

Ал балабақша мәселесін көтерген тұрғын Алмалы ауданында бос тұрған ғимараттар баршылық деп дабыл қақты. Соны неге халық игілігіне бермеске деген ұсыныс айтты.

«Мен Тастақ-2 шағынауданында түрамын. Тілендиев көшесінің бойында, Дүйсеновтің қиылысында қараусыз қалған ғимарат тұр. Бұрын бұл керемет, әдемі балабақша болатын, бірақ 20 жыл ішінде бәрі жарамсыз болып қалды. Өте өкінішті», – деді қала тұрғыны.

«Сіз Тілендиев көшесі, 49 мекенжайындағы балабақшаны айтып отырсыз ғой. Біз оны қайтадан өз балансымызға аламыз. Жақын арада оны қайта құруға жобалау-сметалық құжаттаманы дайындаймыз. Содан соң оны жаңартып, балалардың игілігіне береміз. Қалада мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығы бар. Сондықтан қайта жөндеуге болатын барлық иесіз ғимаратты әкімдік өз балансына қайтаруға тырысады. Бұл бағытта белсенді жұмыс жалғасады», – деді Ерболат Досева.

«Тілендиев көшесіндегі балабақша 345 орынға арналған. Бұл ғимарат күрделі жөндеуден өтпеген, біраз жыл қараусыз қалған. Нысан әкімдіктің балансына алынған соң, құрылыс басқармасы сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеуді жобалау бойынша жұмысын бастайды», – деді Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

2 сағатқа созылған кездесуде халық сұрағын емін-еркін қоюға мүмкіндік алды. Бұл Алматы әкімінің өткізген соңғы кездесуі емес. Алдағы уақытта да тұрғындар қала басшысымен жүздесе алады.

Жадыра Омаржан, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы