Қала әкімі жергілікті халықпен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Бостандық ауданында атқарылып жатқан инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды тексерді. Ауданда қауіпті учаскелерді бекіту, аулаларды абаттандыру, жекеменшік балабақшалар мен мектептер салу сияқты мәселелер оң шешімін тауып жатыр. Ал Көкшоқы шағын ауданында этноауыл жобасын құру мүмкіндігі қарастырылмақ. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Бағанашыл шағын ауданындағы қауіпті деп танылған учаскені тексерді. «Бақ-Алма» бау-бақша серіктестігі аумағында жауын-шашын салдарынан топырақ опырылып, лай көшкіні жиі болады. Сондықтан қазір бұл жерде ұзындығы 350 метрге жуық жерді нығайту жұмысы жүргізілуде. Осылайша 37 үйге қауіп төнбейтін болады.
Тұрғын үйлерге қауіп төндіріп тұрған мына жардың жартысы алынып тасталып, іргесі арнайы габион типтес құрылыммен бекітіліп жатыр. Яғни, мынадай торлар арнайы тастармен толтырылады. Жалпы бұл жерде қазір 25 адам еңбек етіп жатыр.
«Құрылыс 1 мамырда басталған. Қыркүйек айының соңында аяқталуы керек, бірақ одан да ертерек бітіруді жоспарлап отырмыз. Габионның жалпы көлемі 7 мың текше метр болады», – деді мердігер компания өкілі Сергей Ковалёв.
Ал, Алма-Арасан шатқалында орналасқан Көкшоқы шағын ауданының инфрақұрылымын дамыту мықтап қолға алынып жатыр. Қала әкімі жергілікті халықпен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Қазір мұнда су мен кәріз жүйесі тартылып, көгілдір газ құбырлары жалғанған. Алда асфальт төселіп, көшелерге жарық бағандары орнатылатын болады.
«Енді жеке-жеке пәтерлерге, үйлерге газ берілетін болып шешілді. Сосын кәріз, ауызсу мәселесі орталықтандырылған ол да шешілді. Аулаларға адам жүретін көшелерге асфальт төселінеді деп уәдесін беріп кетті әкім мырза», – деді қала тұрғыны, қолөнер шебері Марат Бозымбаев.
Ал Көкшоқы шағын ауданында этноауыл жобасын құру мүмкіндігі қарастырылмақ. Айта кетерлігі, мұнда тұрғындар киіз үй, халық аспаптары, ас үй ыдыстары, ұлттық зергерлік бұйымдар жасаумен және ұлттық киімдерді тігумен айналысады. Бұдан бөлек шаһар әкімі Брусиловский көшесінің бойындағы тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Бұл жерде спорт, балалар ойын алаңдары пайда болады. Осы тұста қала басшысы қажетті құрал-жабдықтарды таңдауда тұрғындардың пікірін ескеруге назар аударды.
«Біздің ауламызға көңіл аударып, қолға алып жатқаны үшін өте қуаныштымыз. Бұрын балаларымызды басқа үйлердің ауласына апарып ойнататын едік. Енді өз орнымыз болатын болды», – деді қала тұрғыны Светлана Григорьева.
«Бұл жерге ылғи машиналар қояды, ескірген еді. Міне, құрылыс жұмыстары басталып, осы жерде балалар ойнайтын болса… Әкеліп ойнатамыз, қуанып жатырмыз», – деді қала тұрғыны Дархан Әшімханов.
Құрылыстан өзге, Алматы әкімі бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысын тексерді. Нұр Алатау шағын ауданындағы мына жеке балабақша биыл көктемде ашылған.
«Егер мемлекеттік бағдарламаға өтетін болсақ, ата-аналарға жеңілдік ретінде төлемақыны азайтамыз. Себебі үкіметтен төленетін ақша талаптар бойынша ата-ананың жағдайын қарастырған. Ол кісілерге төлемақысын жеңілдету үшін», – деді жекеменшік балабақшаның құрылтайшысы Дархан Қалыбеков.
Одан әрі мегаполис басшысы биыл күзде қолданысқа берілуге дайындалып жатқан жеке мектептің құрылысын көрді. Мектеп тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан. Тұрғын үй кешені аумағында спорт алаңдары мен жабық бассейн пайда болады.
«Түске дейін сабағын оқиды. Түстен кейін үй жұмысын орындайды. Қосымша үйірмелер, домбыра, өнер, би үйірмесі, шахмат соның бәрі бағдарламаға кіріп тұр. 4 рет тамақтанады», – деді жекеменшік мектептің құрылтайшысы Марьяша Тлеубаева.
Бостандық ауданындағы №3 оқушылар үйінің аумағы да абаттандырылып жатыр. Мұнда мыңнан астам бала түрлі үйрімеге қатысады. Сондықтан Бақытжан Сағынтаев балалардың жан-жақты дамуы үшін ескі нысанды сүріп, орнына заманауи оқушылар үйін салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
«Мұнда асфальт төселеді. Орындықтар қойылып, жарық шамдары орнатылады. Аула көгалдандырылып, балалар алаңы пайда болады. Өте жақсы жоба, жұмыстың аяқталуын асыға күтіп жүрміз», – деді №3 оқушылар үйінің директоры Светлана Исакова.
Бұдан бөлек көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған «Шыңға Өрлеу» әлеуметтік клубы жұмыс істеп жатыр. Бақытжан Сағынтаев аудан әкіміне осындай әлеуметтік жобаларды ауданның басқа учаскелерінде де ашуды тапсырды. Сонымен қатар, қала әкіміне «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» жұмысы көрсетілді. Орталыққа айына зейнет жасындағы 6 мыңға жуық адам келеді.
Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы