Дауыс беру кезеңі 5 қарашада басталады
«Бюджетке қатысу» жобасының екінші кезеңінде алматылық тұрғындар тарапынан 800-ге жуық өтінім келіп түскен. Соның негізінде, шаһардағы бос жатқан жерлерге спорт алаңдары мен саябақтар, сондай-ақ, скейтпарктер салынған болатын. Ал, биыл қандай жобалар жүзеге асырылды және қала белсенділері тағы қандай ұсыныстар жасауда? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Алматы қаласының тұрғыны Жалғас Нығметов Төлебаев көшесіндегі алтын шаршы алаңында тұрады. «Бюджетке қатысу» жобасының берер мүмкіндігі туралы естіген ол, бірден халықтық жобаға қатысуға бел буған. Бұл шешімді алматылықтың көршілері бірден қолдапты. Осылай, бір топ белсенділер қараусыз қалған шағын жерге заманауи саябақ салуды ұсынып отыр.
«Біз ауланы қалпына келтіреміз деп шештік. Өйткені өзіміз тұрып жатқан жер ғой. Біздің бұл қадамымызды қала билігі мен әкімдік және аудан басшылығы қолдайды деп сенеміз. Қаламыздың көркейе бергенін қалаймыз», – деді қала тұрғыны Жалғас Нығметов.
Ал, «Алатау» ықшамауданының тұрғындары өздері ұсынған жобаның жүзеге асқанына қуанышты. Олар «Бюджетке қатысу» жобасының екінші кезеңінде әкімдіктен бос жатқан алаңға сквер салып беруін сұрапты. Жалпы былтырдың өзінде Медеу ауданы тұрғындары тарапынан 52 өтініш келіп түсіпті. Ал, биыл 83 өтінім қабылданып, оның 7-еуі іске асырылуда.
«Ауданымызда қонақтарды қарсы алып, ардагерлеріміз бен қарттарымыздың қатысуымен мерекелік іс-шара өткізетін орын болмаған еді. Сондықтан осы жобаны ұсынып, жүзеге асуына барынша ат салыстық. Бұл біз үшін қуанышты жәйт және үлкен бақыт», – деді қала тұрғыны Татьяна Абажей.
Айта кетсек, «Бюджетке қатысу» жобасының екінші кезеңіне өтінімдерді қабылдау 20 қазанда аяқталды. Барлығы қала тұрғындарынан 796 ұсыныс келіп түсіпті. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда өтінімдер саны 463-ке көп. Солардың ішінде белсенді қатысқан Алмалы ауданының тұрғындары 190 ұсыныс жіберген. Ал, келіп түскен өтінімдерді қалалық мәслихат депутаттары мен әкімдік өкілдері, сәулетшілер, сонымен қатар, қоғамдық кеңес мүшелері қарайтын болады.
«Бізде келесі кезең 28 қазанға дейін жалғасады. Бұл сараптамалық кеңес тобының жұмыс уақыты. Яғни, әкімдіктің құзыреттілігі негізінде келіп түскен өтінімдердің белгіленген талапқа сәйкестігі тексеріліп, алдын-ала іріктеу жасалады. Сараптау комиссиясының осы жұмысынан кейін, жобалардың кем тұстары толықтырылады. Кейін дауыс беру кезеңі басталады», – деді қалалық Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Алмас Батанов.
Осылай, дауыс беру кезеңі 5 қарашада басталады. Тек, қалаған жобаны таңдау үшін «Бюджетке қатысудың» ресми парақшасына кіру қажет немесе SMS-хабарлама жіберуге болады. Ал, байқау қорытындысы келесі айдың соңында белгілі болмақ.
Аяулым Көлжігіт, Рамина Мирзалимова, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы