Алматының Алмалы ауданында жекеменшік балабақша мен мектеп ашылды

Фото: express-k.kz
Фото: express-k.kz
Қаладағы 289 мектепте 300 мыңнан астам оқушы білім алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алмалы ауданында екі бірдей жекеменшік білім беру ордасы балаларға есігін айқара ашты. Қала күні қарсаңында пайдалануға берілген балабақша мен бастауыш сыныптарына арналған мектеп шаһар орталығында орналасқан. Бұл тұрғыда аудан әкімдігі әлеуметтік жобаны қолға алған жандарға барынша көмек көрсетіп келеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.    

Бүгінде Алмалы ауданының жұрты 220 мыңға жеткен. Бұл ретте жергілікті әкімдік бүлдіршіндер мен оқушыларды білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізуді мақсат етіп отыр. Кәсіпкерлер берілген мүмкіндікті қалт жібермей, мемлекеттік тапсырысты орындауға кірісіп те кеткен.

«Алмалы ауданы бойынша 29 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. 13 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Жалпы саны 34 мыңнан астам балаға орта білім береді. Балабақшаларға келетін болсақ, 27 мемлекеттік балабақша 3 мыңнан астам балаға мектепке дейінгі тәрбие береді», – деді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова.

Мектепке дейінгі балалар мен бастауыш сынып оқушыларына арналған жекеменшік мектепте ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Сондай-ақ робототехника негіздеріне мән берілген. Білім ошағында баланың балабақшадан мектепке күйзеліссіз көшуіне бар жағдай жасалған дейді мұғалімдер ұжымы.

«Халықаралық оқу әдістемелеріне сүйене отырып, көптеген үйірмелерді енгізіп жатырмыз. Олардың бірі ­­– робототехника, сондай-а­қ, анимациялық бағдарламаларды үйретеміз, ағылшын тілінде көптеген үйірмелер бар. Сонымен қатар хореография, көркем гимнастика, таэквондо, шахмат, вокал, домбыра сынды үйірмелеріміз ашылып жатыр», – деді жекеменшік мектеп директорының орынбасары Меруерт Есмағамбетова.

60 орындық білім ордасында қазір 2 сынып ашылған. Бастауыш сынып оқушыларына іріктеу әлі жүргізіліп жатыр екен.

«Маған робототехника, информатика, орыс тілі, қазақ тілі және математика ұнайды», – дейді 2-сынып оқушысы Аружан Бақтығали.

70 балаға арналған бұл жекеменшік балабақша бұрынғы дәмхананың орнында ашылды. Кәсіпкерлер аудан әкімдігі көмегімен жеке бизнестен әлеуметтік салаға бет бұрған. Онда хореограф, логопед, балалар психологы, бейнелеу өнері мамандары жұмыс істейді. Балабақша басшылығы мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет ету үшін құжат әзірлеп жатыр. Егер ойлары іске асса, әр балаға бюджеттен қаражат бөлініп, бөбекжай ақысы арзандайды. 

«Балабақшамыз 3 топқа бөлінеді. Жас және психологиялық ерекшеліктеріне байланысты астыңғы топтарымызда 2-3 жас аралығындағы балалар бар. Ол бірінші қабатта орналасқан. Екінші қабатта 3-4, 4-5 және 6 жас аралығындағылар орналасқан. Ата-аналарға ыңғайлы болуы үшін жұмыс уақытын таңғы 7:30-дан кешкі жетіге дейін жасадық», – дейді жекеменшік балабақша директорының орынбасары Сұлушаш Құдайбергенова.

Айта кетейік, бүгінде қаладағы 289 мектепте 300 мыңнан астам оқушы білім алады. Тек бірінші сыныпқа 30 мыңға жуық бала қабылданыпты. 

Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров