Алатау ауданында 50 жаңа аялдама салынады

Almaty.tv
Almaty.tv
115-бағыттағы автобус толықтай жаңарады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Мәдениет шағын ауданының тұрғындары өте тар әрі сирек жүретін қоғамдық көлікпен қатынауға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жұрт шалғай ауданнан қалаға баратын бір ғана бағыттағы автобусты ұзақ күтуден шаршаған. Ауыр сөмке асынып, екі ықшам ауданның ортасында сабылатын оқушыларға обал дейді халық. Тұрғындардың бұл мәселесін қала әкімдігі оңтайлы шешпек.

«Жарты сағат күтесің. Алдында тіпті бір сағат, 50 минут күткем бір автобусты. Жеткіліксіз ғой, әрине. Тағы да автобус болғанын қалаймыз. Қатынағанға қиын бізге», – деді Алатау ауданының тұрғыны Гүлзия Ниязбекова.

Бұл мәселені аудан тұрғындары қала әкімінің есептік кездесуінде көтерген еді. Қазір ықшамауданда 15 автобус жұмыс істейді. Енді көлік саны мамырда 17-ге дейін артады.

«Мәдениет ықшам ауданында қазір 15 автобусқа дейін көбейттік. Айдың ішінде тағы да 17 автобусқа дейін тағы да көбейту жоспарланып отыр», – деді Мобилділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов.

Жалпы биыл қалаға су жаңа 150 автобус әкелінеді. Соның көбі Алатау ауданына үлестірілмек. Осының арқасында жаңадан құрылған ықшам аудандарда қоғамдық көліктер жаңарып, жетіспейтін маршруттар толығады.

«15 маусымға дейін көп сұрақтарды шешеміз. Осы жылы біз 150 жаңа автобусқа тапсырыс бердік, 100-і келді қазір. Қазір маршрут бойынша бөліп жатырмыз. Ішінде №122 маршруттан басқа қосымша жаңа автобустарды қосамыз. Интервалды 30-40 минуттан 10-15 минутқа қысқартамыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Бұдан бөлек Алатау ауданында 15 маусымға дейін 3 жаңа маршрут ашылмақ. Олар Шаңырақ-1 мен Ұлжан-2, Мәдениет тұрғын үй кешені мен Өжетті, Қарасу шағын аудандарын қамтиды. Ал 115-бағыттағы автобус толықтай жаңарады. Сондай-ақ жыл соңына дейін 50 жаңа аялдама салынбақ.  

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров