|
06.09.2024 | 19:58
547

Алматы әкімінің Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінде қандай мәселелер талқыланды

Шаһар басшысы жарықпен қамтуды біржақты етуге бағытталған арнайы бағдарлама іске қосылғанын айтты

Алматы әкімінің Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінде қандай мәселелер талқыланды пресс-служба акима Алматы

Алматыда келер жылы сыртқы жарықтандыру мәселесі толығымен шешіледі. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев халықпен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Бостандық ауданының өзінде қазір шам бағаналары орнатылмаған 54 көше бар екен. Шаһар басшысы мегаполисте жарықпен қамтуды біржақты етуге бағытталған арнайы бағдарлама іске қосылғанын тілге тиек етті.

Бостандық ауданында жыл басынан бері 1846 шам ауыстырылыпты. Ал күз аяқталғанша тағы 267 тірек пен жарық бағаналары жаңартылады. Мегаполис басшысы Ерболат Досаев осылай деді. Шаһар әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін 9 ескерткішке түнгі жарықтандыру орнату жоспарланған.

«Бұл мәселе «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы немесе тікелей қаржыландыру арқылы шешіледі. Сонымен қатар «Алматы қала жарық» қызметінің тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданды. Тұрғындардың өтініші ескерілді. Көшелер мен аулаларды жарықтандыруға берілетін қаражат аудандарға бөлінді. Одан бөлек, саябақтар, ғимараттар мен құрылыстарды сәулеттік жарықтандыру жайы да шешіліп келеді», - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Тұрғындармен кездесуде қала басшысы келесі жылдан бастап жолдағы люктердің жаңа стандарт бойынша жөнделетінін айтты. Жоспар құрылып, оған қаражат та бөлініп қойыпты. Ерболат Досаевтың сөзінше, қазір қала көшелеріне қалқымалы корпусы бар люктер орнатылып жатыр. Жұмыс 2026 жылға дейін жалғасады.

«Бұл – жоспарлы жұмыс. Былтырдан бері аудан әкімдіктеріне люктерді жөндеу тапсырылды. Жұмыс қарқын алды. Бірақ сапаға қатысты бірқатар шағым бары жасырын емес. Енді биыл оларды жөндеу үшін белгілі бір стандарт бекітеміз. Келер жылдың көктемінде соның аясында жұмысты бастаймыз», - деді Ерболат Досаев.

Ал Алмагүл ықшамауданының тұрғындары мына жердің жайын айтып, қала әкіміне шағымданды. Олардың айтуынша, бұрын мұнда екі қабатты тұрғын үй болған. Кейін ол сүрілгеннен кейін төрт жылдан бері мына қоқыс алаңы пайда болыпты. Ал «анау тұрған терезеден мұнда қараудың өзі мүмкін емес» дейді жергілікті тұрғындар. Енді азаматтардың айтуынша, мұнда қажеті – сквер, абаттандыру мен жасыл желек отырғызу.

Аудан әкімі Санжар Алиннің сөзінше, бұл учаскені құрылыс компаниясы сатып алған. Алайда ешқандай жұмыс басталмады дейді. Шаһар басшысы өз кезегінде тұрғындарға жайлы орта құру үшін мәселені жан-жақты қарастыруды тапсырды.

«Мен аудан әкіміне тапсырма беремін. Сіз айтып тұрған жерге барады. Жаңарту бойынша жұмыстарды бастайды. Балалар алаңын да ретке келтіріліп, серуендейтін орынды абаттандырады», - деді Алматы қаласының әкімі.

Сондай-ақ кездесуде қала әкімі мегаполисте дератизацияның екінші кезеңі басталғанын айтты. Бұл жұмыс 24 қазанға дейін жалғасады.

Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Сұрақ-жауап: Бостандық ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир