«Ашық» қосымшасы 26 сәуірден бастап қолданыстағы жобаға айналып, еліміздің барлық өңірінде іске қосылмақ
Алматыда «Ашық» қосымшасын дұрыс пайдаланбаған 32 бизнес нысаны анықталған. Қалада мобильді қосымша арқылы жұмыс істейтін нысандарды бақылау жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Ал кәсіпкерлер қосымшаның кемшін тұстары барын айтады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтсын.
Бүгін Бостандық ауданының мониторингтік тобы қосымшаны қолданатын нысандардың жұмысын бақылау үшін бірнеше орынды аралады. Алдымен мына компьютерлік нысанға бас сұқты. Мұндағылар адамдарды барлық талаптарға сай кіргізіп жатырмыз деп сендірді.
«Иә, мен өз басым жеке сейкестендіру нөмірі арқылы кірдім. Себебі телефоным өзіммен болмады», – деді қала тұрғыны Михаил Руденко.
Тексерілген тағы бір орын – фитнес клубы. Мұнда спортпен айналысу үшін күніне шамамен 40-50 адам келетін көрінеді.
Мәселен мына нысан келушілерді «Ашық» бағдарламасы арқылы қабылдауын қабылдап жатыр. Бірақ мұндағы «Ашық» қосымшасының кейбір функциялары әлі де дұрыс істемейтінін байқадық.
Яғни, нақтылай кетсек, келушілердің статусы QR-код арқылы немесе жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу арқылы анықталады. Ал соның екіншісін, яки жеке куәлік нөмірін жазатын баптауды нысан әкімшілігі қолдана алмай отырмыз дейді.
«Егер келген адамның телефоны қандай да бір себептермен жарамай қалса, біз оның статусын жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы тексере аламыз. Әзірге мұндай функция бізде жоқ. Бірақ бұл мәселені жуық арада шешеміз деген ойдамыз. Мұны жоба жасаушыларына жеткіздік», – деді фитнес клубты басқарушы Адель Мұсаханова.
Дегенмен қарапайым телефон ұстайтын немесе смартфоны өшіп, істемей қалған келушілер әлі кездеспеді деп өбек болды клуб қызметкерлері. Жалпы аудан бойынша 100-ге жуық бизнес орны жобаға қатысуға ниет білдірген.
«Сол 100 нысанның шамамен 60-70-сі тексерістен өтті. Негізінде көбісінде функция «Охрана» деген бар «Ашықта». Сол әлі қосылмай жатыр. Оның барлығы енді «Көш жүре түзеледі» дегендей оның барлығы жұмыс барысында түзеледі деген ойдамыз», – деді Бостандық аудандық жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Ернар Әбсалямов.
Осы тақырыпқа орай өткен брифинг барысында қалалық кәсіпкерлер палатасының мамандары мұндай техникалық ақаулар барын растады. Алайда қазір мәселелер шешіліпті. Жалпы жобаға қала бойынша 341 бизнес нысаны қатысып жатса, соның 32-сі келушілерді қосымшаға тіркеусіз кіргізгені анықталған.
«Егер заңбұзушылықтар мониторингтік топтардың тексеруімен расталатын болса, нысан жобадан шеттетіледі. Олар екі апта бойы адам қабылдай алмайды. Егер ол екінші мәрте жоба шартын бұзса, онда екі айға дейін жұмысы шектеледі. Сондықтан барлық кәсіпкерлерді «Ашық» қосымшасын дұрыс пайдалануға шақырамын», – деді қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмәмбетов.
Қанатқақты жоба болғандықтан тексерушілер әзірге кәсіпкерлерге тек түсіндіру жұмыстарын жүргізумен шектелді. Айта кетейін, «Ашық» қосымшасы 26 сәуірден бастап қолданыстағы жобаға айналып, еліміздің барлық өңірінде іске қосылмақ.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы