Алматыда «Шығыс қақпасы» көпфункционалды көрме орталығы ашылады

Almaty.tv
Almaty.tv
Мақсат – қаланың туризм индустриясын арттыру
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Шығыс қақпасы» көпфункционалды көрме орталығы мен жаңа тау шаңғы демалыс орталығы ашылады. Бұл туралы қала әкімдігі бекіткен Алматының 2025 жылға дейінгі даму жоспарында көрсетілген, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Шаһар төрінде туризм бағытын дамыту аясында халықаралық іс-шаралар мен жиындар өткізу жоспарланып отыр. Мақсат – қаланың туризм индустриясын арттыру.

Алматының әсем табиғаты мен таудың саф ауасын шетелден іздеп келетіндер саны жыл санап көбейіп келеді. Халықаралық зерттеу нәтижелерінің мәліметіне сәйкес, саяхаттаушы мұнда келу үшін шамамен 1200 доллар ақшасын жұмсайды. Бұл – үлкен қаржы. Қала әкімі бұл бағытты әлдеқайда дамыта түсек, өзге елден турист тарту мүмкіндігі артатынын айтады.

«Алматыдағы теңдесі жоқ орынның бірі – Алатау бөктері. Біз осы таулы аймақты туристердің демалатын орны ретінде пайдалануымыз керек. Бұл тұста әлі де ақсап тұрмыз. Қала туризмін кәсіп ретінде қарастырудың жолы көп. Оған мүмкіндік те мол. Қаланы дамытудың негізгі жобасы аясында өз ұсыныстарымызды қала әкімдігіне жеткіздік», – деді «Kaz alpine club» қоғамдық қорының төрағасы Тимур Дүйсенғалиев.

Discover Almaty. Бұл әсем қаланы әлемге таныстыратын жаңа брендтік атау. Қазір сырттан келген туристер үшін жоғары қызмет сапасын ұсыну басты талап. Ол үшін алыс-жақын шетелдермен байланыс орнатып, елде халықаралық іс-шараларды өткізу жоспарланған. Қаланың даму бағыты көрсетілген бас жоспарда алдағы 2025 жылға дейін жылына кем дегенде 20-дан астам жиын өткізу көрсетілген. Ол жай жиын емес, әлемдік деңгейдегі іскерлік кездесуге толы, отандық туризмді дамыту ісі пысықталатын нәтижелі іс-шара болуы керек.

«Біз Айтиби Берлин компаниясымен келіссөздер жүргіздік. Бұл – әлемдегі ең ірі туристік биржа. Осы орталық аясында біз бірнеше халықаралық дәрежедегі іс-шараны Алматының төрінде өткізуіміз керек. Жиында елімізге турист тарту, инвесторларды қызықтыру сынды сұрақтар пысықталады», – деді «Kaz alpine club» қоғамдық қорының төрағасы Тимур Дүйсенғалиев.


Ал Алматы әуежайы маңында халықаралық терминал құрылысы басталды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға келген ресми сапары аясында алғашқы капсуласын салып берген еді. Жаңа терминалдың құрылысы 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Әуежайдың аумағы үлкейген сайын оның мүмкіндігі де арта түспек. Жаңа терминал пайдалануға берілсе, қазіргіден еі есе, яғни жылына 14 млн жолаушыға дейін қабылдай алады.

Алматыда әлемдік стандарттарға сай 4 жұлдызды қонақ үй де аз емес. Олар қазақтың салт-дәстүрінен сыр шертер бұйымдармен көмкерілген. Бұл өзге елден келген туристерді өз ерекешілігімен тәнті ететіні сөзсіз дейді сала мамандары.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров