Алматыда 2020 жылы ашылған 10 маңызды нысан

24.12.2020 01:50

Қаланың әр аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, саябақтар мен гүлзарлар ашылды

inbusiness.kz

2020 жылы Алматыда бірнеше әлеуметтік нысан мен кәсіпорын пайдалануға берілді. Қаланың әр аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, саябақтар мен гүлзарлар ашылды. Пандемияға қарамастан құрылыс жұмыстары қарқынды жүрді. Керісінше жаңа жұмыс орындары ашылды. Қаланың әр ауданында мектепке дейінгі тегін қосымша білім беру мекемелері пайда болды. Алматының орталығымен қатар шеткі аймақтары да қарқынды дамыды. Бірнеше шақырым жол жөнделіп, көшелерге жарық орнатылды. 2020 жылы қандай нысандар мен саябақтар ашылды?  Almaty.tv тілшісі анықтап көрді. 

1. Алматыда 18 күнде салынған модульдік аурухана ашылды. Жұқпалы аурулар госпиталі 280 адамға есептелген. Ішінде 9 клиникалық бөлімше, 28 орынға арналған жансақтау бөлімшесі бар. Ауруханада 75 дәрігер, 100 медбике және кіші медицина қызметкерлері жұмыс істейді.

2. Қаладағы Ботаникалық бақ қайта ашылды. 

1932 жылы құрылған ерекше табиғи аймақ жөндеу жұмыстарынан кейін қала тұрғындары мен саяхатшыларға есігін айқара ашты.

Қайта жөндеуден өткен Ботаникалық баққа 1300 түп ағаш, 3000 түп раушан гүлі, 130 мың түп көпжылдық өсімдіктер отырғызылған.

 Сумен қамтамасыз ету жүйесі қайта жасалды.

3. Елорда күні қарсаңында 195 балаға арналған «Бөбекжай» балабақшасы жұмысын бастады.

Мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалған. Әр топқа 25 бала алынады деп жоспарланған балабақшада тұз шахтасы бөлмесі, мантасори, музыка кабинеті және қазіргі пандемияға байланысты арнайы оқшаулау бөлмесі де қарастырылған. Балабақшаға 38-40 қызметкерді «Жұмыспен қамту» орталығы арқылы арнайы анықтамасымен қабылданған.

4. Алматыда Hyundai автокөлік құрастыру зауыты іске қосылды. Үкімет басшысы Асқар Мамин зауытының ашылу рәсіміне қатысты. Жоба құны 28 миллиард теңгеден асады. Кәсіпорын бірінші кезеңде жылына 30 мың бірлік, ал екінші кезеңде 45 мың дана көлік шығаруды жоспарлаған.

5. Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде кәсіпкерлер өз қаражатына балаларға арналған  «Домбыра» мектебін ашып берді.  Бұл жерде оқушылар тегін білім алады. Ұстаздары Құрманғазы атындағы консерваторияның түлектері. Сонымен қатар, Шаңырақ ықшам ауданында да «Алатау» домбыра мектебі ашылды.

6. Алматының Әуезов ауданы «Мамыр-5» ықшамауданында 1200 орындық мектеп-гимназиясы қолданысқа берілді. Заманауи білім ордасында 1200 бала білім алып жатыр. 

7. 2020 жылдың жазында Алматыда көпфункционалды «SEN» музыкалық орталығы жұмысын бастады. Орталықтың ғимараты шу естіртпейтін арнайы материалдардан жасалған. Заманауи, кәсіби музыкалық құрылғылармен жабдықталған дыбыс жазатын студиялар мен оқу сыныптары бар. Бұл орталықтың жұмысымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев танысты.

8. Алматыда Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалы бой көтерді.  Теректі ықшам ауданынан орын тепкен қалалық Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалы небәрі екі айдың ішінде тұрғызылған. Модульдік аурухана 300 төсек-орынға арналған. 5 жарым гектардай аумақты алып жатқан ғимаратта 8 бөлімше орналасқан. Оның ішінде палаталары боксталған 2, жартылай боксталған 6 блок бар. Аурухана жоғары технологиялық «ақылды госпиталь» жүйесімен жабдықталған. Мәселен, реанимациялық палатада жатқан пациенттің қал жағдайын мынадай мониторлар арқылы тәулік бойы бақылап отыруға болады. Одан бөлек барлық палатада медицина қызметкерімен тікелей байланысқа шығу үшін мынадай байланыс құрылғылары орнатылған.

9. Алматыда ең үлкен үштіктің қатарына кіретін «Желтоқсан» саябағы ашылды. 

 Аумағы 100-гектарды алып жатқан жасыл аймақ Түрксіб ауданының Жас қанат ықшам ауданында орналасқан. Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ұсынысымен ашылған демалыс орны алматылықтардың ерекше көңілінен шықты. Қазір мұнда балалар мен жасөспірімдерге арналған 7 спорт алаңы бар. 2021 жылы саябақты салу жұмыстары жалғасын табады. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша, саябақтың алдағы уақыттағы жоспары желтоқсаншылар ұйымдарының басшылары және сол маңда тұратын тұрғындардың пікірін ескере отырып қабылданады.

10. Алматыда Алатау ауданынан Alatau Creative Hub есігін айқара ашты. 

Креативті индустрияның болашағы осы жерден басталады.  Түрлі идеяларды соңғы сандық технологиялармен байланыстыратын орын жастардың интеллектуалды дамуына септеседі әрі орталық жаңа технологияны қазақтың ұлттық мәдениетімен ұштастыра білген. Көлемі 1700 шаршы метрдей болатын орында коворкинг алаңдар, балаларға арналған 25 тегін шығармашылық үйірме, мастер-кластар мен презентациялар жасалады. Өскелең ұрпақтың жан-жақты білім алуына толық мүмкіндік жасалған.