Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасы аясында әр ауданға бөлінетін қаржы көлемі 1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасы аясында әр ауданға бөлінетін қаржы көлемі 1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ
«Бюджетке қатысу» жобасы аясында Наурызбай ауданында бас-аяғы 7 ойын алаңы халық игілігіне берілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Бюджетке қатысу» жобасы аясында әр ауданға бөлінетін қаржы көлемі 1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Бұл туралы арнамыздың Akimat live хабарында тікелей эфирде шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жоба қаражатын арттыру арқылы атқарылатын тірліктердің ауқымы да кеңеймек. Демек, халықтың қалауы бойынша сұраныстары ескерусіз қалмай, әр ауданда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Былтырғы жылы қала тұрғындарының өтініші бойынша «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасы іске асып, өтінімдер қабылдау басталған еді. Жобаға сәйкес, қала бюджетінен барлық 8 аудан бойынша 500 млн теңге бөлу қарастырылды. Қала халқының сұрауы бойынша аулаларды абаттандырып, саябақтар мен скверлерді құру, спорт алаңдарын жасап, көшелерге жарық орнату бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыру қолға алынған еді. Бұл бағытта әр ауданда тыңғылықты жұмыстар жасалып, есеп берілді. Енді  жоба бойынша бөлінген қаражатты тағы екі есеге ұлғайту көзделіп отыр.

«Былтыр 500 млн теңге деп айтқанбыз әр ауданға, қазір 1 млрд теңгеге көтерейін деп отырмыз. Сонда әр ауданда көп жобаларды қамтитын боламыз. Бұл жерде халықтың өзі таңдайды, не істеп, не қоятынын. Орындық болсын, қоқыс тастайтын орын болсын, қалай жасау керек. Мысалы, балалар ойнайтын инвентарьдың неден жасалатынын, пластмасса ма, темір ме, ағаш па, тұрғындардың өздері таңдайды, өздері бекітеді. Сосын өздері бақылауға алады. Өте жақсы жоба», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

«Бюджетке қатысу» жобасы аясында Наурызбай ауданында бас-аяғы 7 ойын алаңы халық игілігіне берілді. Қаңырап, бос жатқан жерлерге тұрғындардың өтініші бойынша заманауи үлгідегі спорттық аулалар салынды. Ол «Қалқаман» ықшам ауданындағы баскетбол мен воркаут және Кеңесбаев пен Сланов көшелерінінің қиылысындағы жаңа балалар алаңы.

«Былтыр жоба енгізілген кезде халық өздерінің жеке жобаларын ұсынған болатын. Сол жобалар қарастырылды. Халық өздерінің бала-шағаларының спортпен шұғылдануына ойын алаңдарын сұраған болатын. Сол кісілердің өтініштері бойынша осындай жұмыс атқарылды», – деді Наурызбай ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Данияр Садықов.

Ал Алмалы ауданында биыл «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша 15 жоба іске асады. Мұнда коғамдық кеңістіктер абаттандырылуда. Гагарин бульварындағы жөндеу жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Құрылысы 10 мамырда басталған бульварда бар жоғы 1 айдың ішінде ойын алаңдары салынған.

Ал Жетісу ауданында жоба шеңберінде 13 жоба дауыс беруге жіберіліп, оның алтауы қабылданды. Бүгінде 3 шағын ауданда және Бұрындай көшесіндегі гүлзарлар салынды. Олардың қыркүйек айында ашылмақ.

«Айнабұлақта 3 гүлзар, Рабочий поселок шағын ауданында 1 гүлзар, Құлагер шағын ауданында 1 гүлзар және Бұрындай көшесінде 1 гүлзар салынды.   Жұмыстар 90 пайызға аяқталды. Алдағы жылға осы бағдарламаға екі есе көп 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінбек», – деді Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов.

Осылайша «Бюджетке қатысу» жобасы аясында қалалық ортаны жақсартып, мегаполис тұрғындарының өмір сүру ортасын жақсарту идеяларын бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар.

Сая Меңдеке, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров