Алматыда электр қуатымен жүретін таксилер қызмет көрсетеді

21.09.2020 02:53

Толықтай экологиялық қауіпсіз көліктерді жүргізу қыркүйектің соңына жоспарланған

almaty.tv

Алматыда алғаш рет электр қуатымен жүретін таксилер қызмет көрсететін болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Толықтай экологиялық қауіпсіз көліктерді жүргізу қыркүйектің соңына жоспарланған. Ал, оларды қуаттайтын станса сатып алу үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында мемлекеттен қаражат бөлінеді. Әзірше, 3 миллион 200 мың теңге көлемінде берілген грантқа бір станса алынды. 20-30 минут қуат көзінде тұрған автокөліктің энергиясы 100-150 шақырым жол жүруге жетеді. Элетротаксиді жалдау құны нарықтағы бағадан қымбат болмайды, дейді жоба жетекшілері. Айта кету керек, мұндай электрлі тұлпарлар Жапония және Америка сияқты алпауыт мемлекеттерде кеңінен қолданылады.

«Бұл – жүз пайыздық электрлік автокөлік. Ол бізге, яғни алматылықтарға бірқатар экологиялық мәселелерді шешуге көмектеседі. Қаламыздың түтінге толы екені белгілі ғой. Болашақта электрмен жүретін көліктер автотранспорттық салада елеулі орын алып, үлкен сұранысқа ие болады деп үміттенемін», – деді мердігерлік компанияның өкілі Жандос Бахтыгереев.