Ауданға жаңа қосылған елді-мекендерде емхана жетіспейді. Үйлерге кезек неге жылжымайды? Иесіз жатқан аумақ қоқыс алаңына айналды. Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездескен Бостандық ауданының тұрғындары бүгін осы мәселелер төңірегінде сұрақ қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
15 жылға жуық бос жатқан аумақ қаңғыбастардың ордасына айналған. Жақын маңда мектеп пен қос балабақша бар деп шырылдаған тұрғындар балалар үшін қорқады. Өйткені кешкі уақытта мұнда жүру қауіпті.
Туғанынан Егізбаев көшесінде тұратын Еленаның өзі бүгінде ана атанған. Бұл үйде 40 жылдан бері тұратын аудан тұрғынының айтуынша, ес білгелі үй сүріледі деп келген. 2008 жылы ғана үйді жаппай сүру басталған. Еленаның баспанасының кей құжаттары дұрыс болмай, жасатып жүргенінде, науқан аяқталып кетіпті. Содан бері көшенің тең жартысына иелік ететін жан табылмай, аумақ қоқысқа толған.
«Полицияға тағатын мініміз жоқ. Олар түнгі уақытта көшені жиі аралап жүреді. Бірақ мәселенің шешімі емес. Бұл аумақ бос жатқандықтан қоқыс алаңына да айналды. Небір сұмдық жайттарды да көріп жатырмыз. Қаланың қақ ортасында тұрып, мұндайды болады деп ойламадық. Бұл жерге балабақша салынып, айнала абаттандырылады дегенді естігенбіз. Енді не болар екен», – деді қала тұрғыны Елена Стобронькина.
Бүгін Елена 10 шақты көршісінің баспана мәселесін айту үшін қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесуге барды. Өйткені кей тұрғындар үйі тозса да, жөндеу жұмысын жүргізбей, сүруді күтіп жүрген көрінеді. Ал айнала адам шошырлық жағдайға жеткен.
«Алдымен жердің иесін табайық. Сіздер айтқан мәселеге құлақ асып, аумақты қоршатайық. Қазір Алматы қаласы бойынша жаңартылған жобамыз бар. Оны қала құрылысы кеңесінде ұсынамыз. Егер қолдау тапса, сонда ғана ондағы салынатын нысан мен оның уақыты белгілі болады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Ал Бостандық ауданына жаңа қосылған ықшамаудандарда емхана жетіспейді. Қолжетімді медицинаға оңайлықпен қол жеткізе алмай жүрміз деген тұрғындар алысқа барып шаршағанын айтады. Сондықтан жақын маңнан медициналық мекеме салып беруді өтінді.
«Мен Бағанашыл ауданының тұрғындарының мәселесімен келіп тұрмын. Біздің ауданда мүлдем емхана жоқ. Біздің үйдегі ата-апаға және біздің аудандағы тұрғындарға, қарттарымызға, баласы бар аналарға басқа жаққа қатынау қиын. Осы ықшамауданына емхана салуға мүмкіндік бар ма? Тұрғындар үшін қолайлы болатын еді», – деді қала тұрғын.
«Өткен жолы екі кездесуде осы сұрақ қойылды. Қазір екі жаңа емхана салайын деп жатырмыз. Біреуі Алматының қасында, екіншісі осы Әл-Фараби көшесінде, нақтырақ айтсақ, Әл-Фараби мен Бағанашылдың қасында 1,3 гектар жер сатып алдық. Бәрі дұрыс болатын болса, осы күзде бастаймыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Арбаға таңылған Назира бұған дейінгі кездесуде де шаһар басшысына мәселесін айтқан екен. Бүгін жылдар бойы күткен жақсы жаңалықты Ерболат Досаевтың өз аузынан естіді.
«Мен сіздің алдыңғы кездесуіңізге келгем. Есімім Назира болады. Әлеуметтік қолдау орталығында кеңесші болып істеймін. Пәтерге қатысты мәселемді айтқам. Бірақ маған ешқандай хат-хабар келіп жатқан жоқ. Маған нақтысын айтыңызшы, әлі қанша жыл күтуім керек?» – деді қала тұрғыны.
«Назираны жақсы білеміз. Барлығын түсіндірдік. Қазіргі таңда тізім бойынша 71-орында тұр. Осы жылы Жас Қанаттан тұрғын үйінен пәтер дайын болғанда беріледі», – деді Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев.
«Жас Қанатқа Назира барған едім. Қазір жұмыстарын бітіріп жатыр. Осы енді бәрі дұрыс болса, инфраструктураны тартып бітірдік. Жолы жөнделіп бітті. Енді үйлерді өткізгеннен кейін, сол пәтерге қол жеткізесіз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Кездесу 2,5 сағаттан асты. Оған 400-ге жуық тұрғын келді. Жалпы кезек күткісі келмегендер үшін арнайы жәшік қойылды. Тұрғындар сұрағын қағаз бетіне түсіріп, сонда қалдыруға мүмкіндік алды. Оларға да міндетті түрде жеке-жеке жауап беріледі.
Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы