Алматы сенбі және жексенбі күндері карантин шаралары қайта күшейтіледі. Ал дүйсенбі күні барлығы қайтадан өз орнына келеді. Бұл туралы бүгін онлайн брифингте қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дегенмен өткен аптаға қарағанда азғантай өзгерістер бар. 27-28 маусым күндері халық ашық аспан астында бір сәт тыныстау үшін саябақ пен гүлзарлар ашық болады. Медеу, Шымбұлақ кешені, Арбатта да қыдыруға болады. Сондай-ақ, Сапарбек Тұяқбаев қалада неліктен тек екі күн ғана карантин режимі күшейтіліп жатқанын түсіндірді. Оның сөзінше, қауіпті індетті жұқтыру әсіресе сенбі-жексенбі күндері өсіп кетеді екен. Сондықтан қала билігі шектеу шарасын қатаңдатуға мәжбүр.
«Өздеріңізге мәлім, соңғы күндері мынау індеттің жайылуы қарқыны төмендемей отыр. Сол себепті осындай қосымша шараларды қабылдауға мәжбүр болып отырмыз. Әрине, кәсіпкерлердің де жағдайын түсінеміз. Қиыншылықтар экономикада бар. Дегенмен қазіргі таңда қала тұрғындарының денсаулығы қауіпсіздік ең маңызды мәселе болғандықтан, осындай шаралар қабылданып отыр», – деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев.