Алматыда 35 жасқа дейінгі мүгедек жандарға қолдау көрсететін орталық ашылды

12.02.2022 в 00:06

І және ІІ топтағы мүгедектерді қоршаған ортаға бейімдейтін орталық 100 адамға тегін көмек көрсетуге дайын

Алматыда 18 бен 35 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау білдіретін алғашқы орталық іске қосылды. І және ІІ топтағы мүгедектерді оңалтып, қоршаған ортаға бейімдейтін «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 100 адамға тегін көмек көрсетуге дайын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

    

5 жыл бойы мүмкіндігі шектеулі балалардың оңалуына қолайлы жағдай жасап келе жатқан «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында үлкен қуаныш. Мекеме бұған дейін 1,5 жастағы балалардан бастап, кәмелетке толмаған жеткіншектердің ем алуына ғана септескен болса, бүгінде Медеу ауданында 18 бен 35 жас аралығындағы психологиялық ауытқуы бар жандарды тегін қабылдайтын көпсалалы бөлімше ашып отыр. Өйткені «мүгедектігі бар ересектер де ерекше күтімді қажет етеді» дейді орталық басшысы. 

«Басты себебі, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға кіріктіру және ата-аналардың жұмыс жасауына мүмкіндік беру. Ата-анаға өте қолайлы. Күндіз мүгедек жанды осында әкеліп орналастырып кетсе, олар кешке дейін болады. Тамағы мен тыныс-тіршілігі, барлығы жоспарлы түрде өтеді. Ерекше күтімдегі жанды осында әкеліп орналастырып, таңғы сағат 9-дан кешкі 18.00-ге дейін бүкіл кешенді қызмет түрлерін ала алады», - деді «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы КММ директоры Нұрзия Әлімбекова. 

Қазір орталықта 18 қызмет алушы тіркелген. Алдағы уақытта олардың санын 100-ге жеткізу көзделіп отыр. 2 қабатты ғимарат 38 бөлмеден тұрады. Онда эрготерапия, физиотерапия, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, емдік дене шынықтыру, механотерапия мен кинезотерапия, жаттығу залы мен жуынатын бөлме, массаж кабинеттері бар.

Жалпы психоневрологиялық ауытқуы бар жандар үшін жағымсыз эмоциялық, атап айтқанда, күйзеліс, қобалжу немесе қорқыныш сезімдерінің болмағаны өте маңызды. Ал ол үшін бұл орталықта барлық жағдай жасалған. Мәселен, қараңғы сенсорика бөлмесінде қызмет алушының ашу-ызасын жойып, көңіл-күйін көтеру мақсатында түрлі жаттығулар жасатылады. Одан бөлек, есте сақтау қабілетін дамыту үшін музыкалық терапия жүргізіледі.

Көпсалалы оңалту орталығындағыларға 7 әлеуметтік бағытта қызмет көрсетіледі екен. Сондай-ақ өздігінен қимылдай алмайтын мүмкіндігі шектеулі азаматтарды аяққа тұрғызатын жаңа техникалармен де жабдықталған.

«Мұның балаларға әсері зор. Өздігінен қимылдай алмаса, робот көмектесіп тұрады. Соның арқасында балалардың жүруге деген ынтасы артып, ары қарай жүріп кету мүмкіндігі артады. Осы уақытқа дейін бірнеше баланы аяққа тұрғызып, жүргіздім. Өздері жүре алмайтын балалар еді», - деді «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы КММ емдік дене шынықтыру нұсқаушысы Құрманғали Мәмбетов.

Алдағы уақытта мекеме ұжымы қызмет алушыларды мәдени орталықтарға апарып, саяхат ұйымдастырудды да жоспарлап отыр. Ал қала тұрғындары мүмкіндігі шектеулі туыс, жақындарын осы орталыққа тегін орналастырғысы келсе, экранда көрсетілген нөмірге хабарласып, қажетті құжаттарын өткізе алады.

«Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы КММ байланыс нөмірі: 87017575584

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы