Шетсіз қала: Алатау ауданында инфрақұрылым жүйесі ұлғайып, әлеуметтік нысандардың құрылысы зор қарқынмен жүруде

14.09.2020 в 20:19

Қаланың әр ауданы мегаполистің айнасына айналуы тиіс

Қаланың әр ауданы мегаполистің айнасына айналуы тиіс. Бұл Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бастаған «Шетсіз қала» тұжырымдамасының басты алғышарты. Қағидатқа сай, бүгінде 300 мыңдай тұрғыны бар Алатау ауданында инфрақұрылым жүйесі ұлғайып, әлеуметтік нысандардың құрылысы зор қарқынмен жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Жаңа Алматы деген атауға ие болған аймақта биыл жол сапасына, жарық, ауыз су және кәріз жүйелеріне ерекше көңіл бөлінген. Теректі, Алғабас, Мәдениет, Боралдай шағын аудандарындағы иесіз деп танылған 157 электр желісі «Алатау жарық компаниясының» еншісіне өтті. Онымен қоса,  жалпы ұзындығы 226 шақырым кәріз және ауыз су жүйелері салынып жатыр. Сондай-ақ, 3 шағын ауданда 33 шақырым жаңа жол төселді.

Жаңа асфальт төселіп жатқан жолдардың бірі  Әубәкіров көшесі. Ал жалпы аудан бойынша 67 шақырым жолда осындай жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, 8 шағын ауданда орталықтандырылған ауыз су мен кәріз жүйелері орнатылып жатыр.

Одан өзге, ағымдағы жылы «Алғабас» шағын ауданында 120 орындық жаңа балабақша пайдалануға берілді. Мектеп тапшылығын азайту мақсатында 5 ықшам ауданда жаңа білім ордаларының құрылысы басталып кетті.

«Алатау ауданында мектептің тапшылығына байланысты қазіргі таңда Саялы, Томирис, Нұркент, Дархан және Рахат шағын аудандарында 7800 орындық жаңа бес мектеп салынып жатыр. Біту мерзімі 2021 жыл.  Алатау ауданымыздың көркеюіне инфрақұрылым жобаларын іске асыру бойынша барлық жұмыстар жалғасуда», – деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Жеңіс Садырханов.

Ауданда «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы аясында 16 жоба жүзеге асуда. Атап айтқанда, жыл аяғына дейін 5 саябақ, «Қарасу» көлі, сондай-ақ, 23 аула мен 18 балабақшаны күрделі жөндеу  жоспарланған. Онымен қоса, жаңа футбол, баскетбол және балалар ойын алаңдары салынады. Нәтижесінде, 2 мыңнан аса адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Атқарылып жатқан жұмыстарға аймақ тұрғындары дән риза.

«Мына ауданымыздың осы жұмыстары дұрыс. Биыл жақсы болды, міне, асфальтты салып, үйдің кіреберістеріне де жақсы асфальттарды салып,  тесік-шұңқырларды бекітіп, су құбырларын, слип дегендерді жүргізіп жатыр. Жұмыстарына разымыз», – деді Алатау ауданының тұрғыны Әлімбай Қарабалаев.

Сондай-ақ, ауданда жаңа ғимараттар бой көтеріп келеді. Жаңа жылға дейін 2230 пәтерден тұратын «Алатау сити», «Алмалы», «Алғабас» тұрғын үй кешендерінің құрылысы толығымен аяқталады.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы