Алматы әкімдігінде сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту басқармасы құрылады. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезектен тыс отырысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту деп аталатын жаңа басқарма қаладағы нысандардың жер сілкінісіне қаншалықты төзімді екенін тексереді, тұрғындардың табиғи және техногенді апаттарға дайын болуын толық қамтамасыз етеді. Өткен айда Алматыда болған зілзаладан кейін бұл мәселені Президент мықтап қолға алуды тапсырған. Жаңа құрам төтенше жағдайлар, полиция департаменттерімен бірлесіп жұмыс жүргізбек. Сондай-ақ мегаполистегі сейсмоаудит жүргізу ісіне де ерекше көңіл бөлінеді.
– Жаңадан құрылып отырған басқармада бар лимиттің шеңберінде қосымша адам саны болмайды. Сондықтан да бұл басқармаларды құру үшін бюджеттен қосымша қаражат қажет етілмейді. Бар бюджеттің шеңберінде жасалады, – деді Алматы әкімі аппаратының басшысы Бейбіт Шаханов.
Қалалық әкімдікте тағы бір басқарма жұмысын жаңадан бастайды. Ондағы мамандар қаладағы саябақтарды жаңарту және жаңадан салу ісімен айналыспақ. Бұған дейін бұл шаруаны Экология және қоршаған орта басқармасы атқарып келген. Бұл олардың жұмыс жүктемесін көбейткен көрінеді.
– Қалада қоғамдық кеңістікті дамытатын басқарма құруды жөн деп санаймыз. Қазіргі уақытта онымен аудандық әкімдіктер, әртүрлі басқарма айналысса, енді бір басқарма айналысатын болады. Алдағы уақытта қаламызда қоғамдық кеңістіктің дамуына үлкен зор үлес қосады деп сенеміз, – деді қалалық мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев.
Қалалық мәслихаттың 14-кезектен тыс отырысында қаралған тағы бір маңызды мәселе – бұл инклюзивті орта қалыптастыру. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау, қоғамнан тыс қалдырмау деген сөз. Мектеп пен аурухана, емхана, спорт кешендері секілді әлеуметтік нысандар оған дайын болуы керек екендігі айтылды.
– Мүгедектігі бар азаматтарға әкімнің тікелей тапсырмасы бойынша негізгі әлеуметтік көмектен басқа, қолжетімсіз не қымбат инновациялық құралдарды алып береміз, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Сондай-ақ қалалық туризм басқармасының басшысы мәслихат депутаттарына екі жоба ұсынды. Бұл мегаполиске шеттен келетін туристер санын арттыруға бағытталған. Өткен жылы Алматыға 309 мыңнан астам саяхатшы келіп, жергілікті бюджетке 650 миллион теңге қаржы түскен екен. Биыл олардың санын екі есеге дейін арттыру көзделіп отыр. Мәслихат депутаттары аталған мәселелер мен ұсыныстарды бірауыздан қолдап, бекітті.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда жалпықалалық сейсмикалық жаттығу өтеді