Биыл Алматының Жетісу ауданында 23 жаңа жоба жүзеге асады

Almaty.tv
Almaty.tv
«Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстарға 1 миллиард теңге бөлінген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматының Жетісу ауданында 23 жаңа жоба жүзеге асады. «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жұмыстарға 1 миллиард теңге бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың ішінде Рысқұлов пен Райымбек даңғылы, Алматы-2 вокзалы және Райымбек даңғылындағы су бұру жүйелері қалпына келтіріледі. Сонымен қатар жаңбыр сулары арнадан аспас үшін ұзындығы 4 шақырым болатын 27 көшеге арық желілерін жөндеу үшін жобалық құжаттар әзірленген.

Бұл – Жетісу ауданы көшелерінің бірінде тұрғындар түсіріп алған бейнежазба. Жаңбырлы күні арықтың арнасынан асып жатқанын көруге болады. Мұндай кезде жүргіншілер мен көлік қозғалысы қиындайды.

«Жетісу ауданында тұрамын. Жаңбыр жауған күндері жұмысқа бару қиын, жолдан өте алмаймыз. Жөндеу керек, су ағатын жерлер», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Құндыз Нұралиева.

Жергілікті билік өкілдері қордаланған мәселенің шешу жолын қарастырды. Рысқұлов пен Райымбек даңғылы, Көкжиек пен Құлагер шағынауданындағы Брюсов, Жансүгіров көшесіндегі арықтар жөнделетін болды.

«Халық үніне құлақ асушы мемлекет қағидасы, Мемлекет басшысының қол қойған тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Оның ішінде былтырдан бері жақсы жобаға айналған «халықтың бюджетке қатысу» бағдарламасы. Жаңбырлы күні арықтар суға толып қалатын. Былтыр жыл аяғында бастадық, қазір ол жұмыстар аяқталуға жақын», – деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Шайтұрсын.

Жетісу ауданы қаланың төменгі бөлігінде орналасқандықтанаймақта су басу жиі болады. Осыған байланысты жыл соңына дейін 7 мекенжайда арық жүйесін жөндеу қолға алынған. Ал жылу желілерін ауыстыру жұмыстары аяқталуға жақын екен.

Жерігілікті жұртты жылумен қамтамасыз ететін 6 шақырымдық ірі жылу құбыры қазір жөндеуден өтіп, құрылысы жүріп жатыр. Бес метр тереңдіктегі 18-жылу желісі – Жетісу ауданындағы маңызды нысан.

«Жетісу ауданы бойынша бізде қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары 4 жоба бойынша жүріп жатыр. Сонымен қатар біздің аудан бойынша тоқ жүйелерінің ауыстырылады», – деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары міндетін атқарушы Қуаныш Сейтімбетов.

Азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының мақсаты – халықтың базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету. Негізгі екі бағыт бойынша жүзеге асатын бағдарлама аясында аталған ауданның да бірқатар мәселелерін шешім таппақ.

Әлібек Шынтемір, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров