Отырыста Алматыдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстың аралық қорытындылары қаралды
Алматы қаласына жұмыс сапары аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Отырысқа аудан әкімдері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, депутаттар, қоғам және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы М. Ахметжанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасына ерекше назар аударды. Тиісті тапсырманы Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында бергені белгілі.
М. Ахметжановтың айтуынша, тұжырымдаманың новеллаларының бірі – негізсіз баю үшін жауапкершілікті енгізу. Ол шығыстардың кірістерден асып кетуі қаржылық тексеруді бастау үшін сигнал болатынын ерекше атап өтті.
Агенттік Төрағасы азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қажеттіліктері мен үміттерін қанағаттандыру қызметтің бірінші кезектегі міндеті болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен ішкі мониторингке сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді енгізу бойынша ұсыныстар берілді. Сонымен қатар, бизнес саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу қажеттілігі атап өтілді.
Отырыс барысында спикерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды таныстырды, тәсілдерді жетілдіру бойынша шаралар талқыланды және осы жылдың 9 айында Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстың аралық қорытындылары қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев қала әкімінің жетекшілік ететін орынбасарларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру кезінде осы ұсыныстарды ескеруді тапсырды.