Сұрақ-жауап: Түрксіб ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

01.12.2022 00:10

Нұршашқан тұрғындарын тасымалдайтын №41 автобустың саны артады

Келер жылы Алматының Түрксіб ауданындағы аты жоқ 82 көшеге атау беріледі. Ал Нұршашқан тұрғындарын тасымалдайтын №41 автобустың саны артады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бүгін Алматы әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Досаевтың Түрксіб ауданы тұрғындарымен биыл жоспарланған соңғы кездесуі өтті. Әдеттегідей арызын арқалаған жұрт жүздесуге асықты. Халықты алаңдатқан кезекті сұрақ Қайрат ықшамауданы тұрғындарынан түсті. Олар өздері тұрып жатқан елдімекенде бірде-бір көшенің атауы жоқ деп шағым айтты. Соның кесірінен халыққа қажет жедел жәрдем, полиция мен өрт сөндіру қызметін мұнда шақыру өиындық тудырады. Көшенің нақты атауы болмағандықтан, оны іздеп-табу көп уақыт алады екен.

«Мен Қайрат ықшамауданының халқының атынан келіп отыр едім. Сіз бағана атап өткендей 18,17, 1 линия деген 20-дан аса көше бар. Сол көшелерге атау беріле ме?» – деді қала тұрғыны

«Айтқан көшелерга ат қою мәселесін жайында әкім өткен жолы маған ақпарат берген. Түрксіб ауданындаға 82 көшеде аты жоқ. Қалалық ономастикалық комиссиянда мәселені көтеруге дайын. Үлгерсек осы жылы желтоқсанда, үлгермесек келер жылдың қаңтарында қарап,  одан кейін көшелерге ат қоямыз», – деді Алматы қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Досаев.

Түрксіб ауданының тұрғындары Ерболат Досаевпен кездесуде автобус мәселесін көтерді. Нұршашқан халқын №41-бағытта қатынайтын 10 қоғамдық көлік тасып жүр. Дегенмен ол да дүйім елге жетпейді. Сондықтан олар қала әкімдігінен осы маршруттағы автобус санын көбейтуді немесе жаңа бағыт ашып беруді сұрады.

«Нұршашқанға жалғыз №41 автобус жүреді. Қазір оның бағытын Красный поляға дейін созып тастағандықтан, адамдар толып кетеді. Ары-бері жүруіміз қиындады. Қосымша тағы бір автобус бөлінсе жақсы болар еді», – деді қала тұрғыны.

«№41 автобус жекеменшік қарамағында. Гүлдалаға оның бағыты созылғандықтан мәселе туындап отыр. Жаңа автобустар келгенде санын көбейту мәселесін қарастырамыз», – деді Ұтқырлық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернұр Әбжахан.

«Жекеменшік компания өкілдермен сөйлесіп көрейік. Тағы 2 автобусты шығарса, интервалын дұрыстауға болады», – деді Алматы қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Досаев.

Түрксібте балабақша тапшылығы мәселесі де өзекті. Әсіресе жаңа ықшамаудандарда мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеушілігі байқалады. Оған қоса, Алматыда әлеуметтік нысан салатын бос жер жоқ.

«Бізге Әлмеректе балабақша керек. Балабақша салып берулеріңізді сұраймын», – деді қала түрғыны.

Қала әкімдігі өзекті мәселені шешудің оңтайлы жолын тапқан. Қазір олар Әлмерек ықшамауданынан екі жер телімін сатып алуды көздеп отыр. Егер жоспар орындалса, келер жылы көктемде мектепке дейінгі мекеменің құрылысы басталып кетуі мүмкін. Балабақша 320 балаға шақталып салынады.

«Біреуі емхана, біреуі балабақша салуды жоспарлап отырмыз. Жер сатып алғаннан кейін, келер жылы көктемде бастаймыз», – деді Алматы қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Досаев.

Халық билік басындағылармен жүздесіп, көкейдегі сұрақтарын емін-еркін қоя алғандарына дән риза. Олар мұндай кездесулердің жиі болғанын қалайды. Өйткені көтерген мәселелері көз алдында шешілгендіктен, дүйім ел қала әкімдігіне деген сенімнің артқанын айтып тарқасты.

Жадыра Омаржан, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы